Қазақстандағы орташа жалақы 461 мың теңгеден асты
2026 жылдың І тоқсанында Қазақстан Республикасы бойынша орташа айлық атаулы жалақы 461 486 теңгені құрады. Өткен жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда атаулы жалақы индексі 109,1%-ға, ал нақты мәнінде 97,7%-ға тең болды. Сонымен қатар, еңбекақы қатарының орталық деңгейін сипаттайтын медианалық жалақы мөлшері 331 527 теңге деңгейінде қалыптасты, деп хабарлайды «24KZ».
Салалық бөліністегі өсім
2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсімі мына салаларда байқалды:
Ауыл, орман және балық шаруашылығы – 20,3%;
Қаржы және сақтандыру қызметі – 18,1%;
Сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау және өңдеу – 16,5%;
Электр энергиясымен, газбен және бумен қамтамасыз ету – 14,7%;
Көлік және қоймалау – 12,9%;
Өнеркәсіп – 11,6%.
Әлеуметтік маңызы бар салалар бойынша: денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында жалақы 7,0%-ға, ал білім беру саласында 4,2%-ға өсті.
Өңірлік көрсеткіштер
Өңірлер арасында 2025 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда атаулы жалақының ең жоғары өсімі мына аймақтарда тіркелді:
- Абай облысы – 14,2%;
- Павлодар облысы – 12,4%;
- Жетісу облысы – 12,2%;
- Алматы облысы – 10,9%;
- Алматы қаласы – 10,7%.