Қырғызстан билігі Қазақстанда жанармайдың неліктен арзан екенін түсіндірді

Фото: depositphotos.com

Қырғыз Республикасы Президенті әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметінің жетекшісі Дайырбек Орунбеков өз елінің азаматтарына Қазақстандағы жанармайдың неліктен арзан екенін түсіндірді, деп хабарлайды «24KZ».

Орунбеков мәлімдемесінде, Қырғызстан азаматтарының екі елдегі жанармай құнын жиі салыстыратынын айтты. Мысалы, оларды Қазақстандағы бағаның өз елдеріне қарағанда айтарлықтай төмен екендігін алға тартады.

Негізгі себеп - Қазақстанның ірі мұнай ресурстарына ие болуында, отынды өзі өндіруінде және мемлекеттің оның құнын субсидиялауында. Басқаша айтқанда, билік бұны қаржыландырып, бағаны жасанды түрде төмен деңгейде ұстап отыр, - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, егер Қырғызстанның ірі мұнай қоры болса, олар да халыққа жанармайды арзанырақ сата алар еді.

Сондықтан өзімізде жоқ ресурстар үшін тиісті бағаны төлеуге тура келеді, - деп жауап берді ол отандастарының жиі қоятын сұрағына.

Орунбековтің жазбасынан белгілі болғандай, Таяу Шығыстағы әскери қақтығысқа дейін ел Ресейден АИ-92 маркалы бензинінің тоннасын шамамен 650 доллардан сатып алса, қазір оның орташа бағасы 950 долларға жеткен.

Дизель отынына қатысты жағдай да осыған ұқсас.

«Егер бұрын дизель отынының тоннасы 700 доллар шамасында болса, қазір баға 1200 доллардан асты», - деді ол.