Үкімет шешім қабылдады: 2026 жылы шағын бизнеске өсімпұл есептелмейді
Қазақстан Үкіметі 2026 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін салықтық әкімшілендіруді оңайлату шараларын жалғастыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «24KZ».
2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты салық заңнамасында белгіленген мерзімдерде төленбеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер сомаcына, оның ішінде аванстық және ағымдағы төлемдер бойынша өсімпұл есептелмейді,-делінген хабарламада.
Аталған шара төлем көзінен ұсталатын салықтарға, импортталатын акцизделетін тауарларға салынатын акциздерге, импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығына, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерге қолданылмайды.
Жоғарыда көрсетілген салық кезеңі бойынша өсімпұл есептеу 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кейін мынадай:
хабарлама негізінде ұсынылған есептілікті қоса алғанда, қосымша салықтық есептілік ұсынылған;
салықтық әкімшілендіру нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары салықтар мен төлемдер сомасын есептеген немесе қайта қараған жағдайда жүзеге асырылады.
Қабылданған шара салықтық әкімшілендіруді одан әрі жетілдіруге, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, сондай-ақ сенім мен ашықтық негізінде мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуға бағытталған.