Халықаралық көлік дәлізі: 50 жылдан кейін ескі Күйік асуына күрделі жөндеу жүргізілді

Фото: gov.kz

Жамбыл облысындағы халықаралық автомобиль жолының Күйік асуына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды «24KZ».

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ мәліметінше, ескі Күйік асуы халықаралық «Өзбекстан – Қазақстан – Қытай» көлік дәлізінің маңызды бөліктерінің бірі. Бұл бағыт Шымкент пен Тараз қалаларын байланыстырып қана қоймай, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарын жалғайтын негізгі көлік дәліздерінің құрамына кіреді.

Күрделі жөндеу нәтижесінде 1970-жылдардан бері ауқымды жаңғырту көрмеген жол жабыны толық жаңартылды. Жүргізілген жұмыстар жолдың өткізу қабілетін арттыруға, күрделі таулы учаскеде көлік қозғалысының қолайлылығын жақсартуға және жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. 

 «Ескі Күйік асуы – көлік жүктемесі жоғары, әсіресе жүк көліктері жиі қатынайтын маңызды учаскелердің бірі. Бұл жолды жаңғырту жүргізушілердің қауіпсіздігіне, транзиттік тасымалдардың тұрақтылығына және өңіраралық қатынастың сапасына тікелей әсер етеді, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев. 

Жоба аясында 15 су өткізу құбыры салынды. Бұл жолдың маусымдық жауын-шашынға төзімділігін арттырып, су өткізу жүйесінің тиімділігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жол құрылымын қалыптастыру барысында қиыршық тас-құм қоспасы, ірі түйіршікті асфальтбетон және ЩМА-20 маркалы қиыршық-мастикалық асфальтбетон секілді заманауи материалдар қолданылды.

Жұмысқа 182 жол маманы мен 150 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Асфальтбетон зауыты үздіксіз режимде жұмыс істеп, жалпы көлемі 130 мың тонна асфальтбетон өндіріліп төселді. Сондай-ақ құрылыс барысында 155 мың текше метр топырақ, 4 мың тонна битум, 3,7 мың тонна цемент және 120 мың тонна қиыршық тас пайдаланылды.

Ескі Күйік асуының учаскесіндегі жүк көліктерінің орташа тәуліктік қозғалыс қарқыны 2 273 автокөлік.