Сүт өнімдерінің қымбаттауына не әсер етті?
Елімізде сүт және сүт өнімдерінің бағасы тағы да өсіп, отандық тұтынушылардың қалтасына салмақ сала бастады, деп хабарлайды «24kz» Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне сүйене отырып, нарықтағы баға динамикасына талдау жасады.
Статистика қорытындысы бойынша, жылдық көрсеткіште сүт өнімдері орташа есеппен 9,4%-ға қымбаттаған. Әсіресе қышқыл сүт өнімдері мен ірімшік (сыр) бағасының өсімі жоғары қарқын алып, тиісінше 13,4% және 12,4%-ға бір-ақ көтерілген. Мамандар бұл қымбатшылық бір сәтте бола салған секіріс емес, соңғы бір жыл ішінде ай сайын орташа есеппен 1%-ға жуық жинақталған инфляцияның нәтижесі екенін айтады. Дегенмен, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш емес. Нарықтағы ең үлкен баға секірісі 2022 жылы тіркелген болатын, ал қазіргі үрдіс сол тұрақтанған кезеңнен кейінгі жаңа толқынды көрсетіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қымбатшылықтың артында бірнеше ірі экономикалық факторлар тұр. Бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шикі сүтке беретін бағасы өскен, бұл қайта өңдеу зауыттарының соңғы өнім құнын көтеруіне мәжбүрлейді. Оған қоса, фермерлер мен кәсіпорындар үшін мал азығы, жанар-жағармай, қаптама материалдары мен логистика шығындары артқан. Сондай-ақ электр энергиясы мен коммуналдық тарифтердің өсуі де өнімнің өзіндік құнын қымбаттатып жіберді. Мамандардың болжамы бойынша, егер өндірістік шығындар мен тасымал құны тұрақталмаса, сүт өнімдері бағасының баяу өсу үрдісі алдағы уақытта да сақталуы мүмкін.