Елде 10 мың га жері бар фермерлерге талап күшейді

Ауыл шаруашылығы жерлері саудаға түсетін конкурстың жеңімпаздарын енді жер комиссиясы емес, цифрлық жүйе анықтайды. Жоба жаңа жылдан бастап іске қосылады.

Цифрлық жүйеде жердің құнары, жарамдылығы және өзге де деректер көрсетіледі. Бұдан бөлек, бір жаңалық. 10 мың гектардан астам жері бар агроқұрылым иелері өз жұмысшыларын жыл бойы жұмыспен қамтуға тиіс. 

Жері кеңейген шаруаның өндіріс мүмкіндігі де артады. Желкенің қыры жіберсе, қара жерден ырыс төгіліп-ақ тұр. Одан әрі озық технологияның тілін білсең, құт қонды деп есепте. Кешенді өндіріс қалыптасса, тұрақты жұмыс орындары көбейеді. Қазір шаруалар аяқтан тұрды, жұмысын ыңғайлады. Енді олар өз жұмысшыларының қамын ойлауға тиіс. Мемлекет 10 мың гектардан астам жері бар шаруаларға, қарамағындағы еңбеккерлерді жыл бойы еңбекпен қамтуға міндеттеді. Талап орындалмаса, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы мүмкін.

Дархан Сұлтанбеков, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы:

- Ауыл шаруашылығы жерлерін иемденіп қана отыру емес, оны ұтымды пайдалану, сонымен қатар халықты жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ету қажет деген тапсырма берілген болатын. Осы тапсырма аясында министрлік пен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар шаруашылықтар анықталды. Сол шаруашылықтармен тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде. 

Ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатты игерілуіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Биыл сала мамандары жоспардан тыс мыңнан астам тексеріс жүргізген. Соның тәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша 715 нұсқама берілген. Ескертуді елемегендерден 1,2 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мұндай жылжымайтын мүлік іскер жандарға беріледі. Биыл 5,5 млн гектар жер мал жаю үшін ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына, тағы 8 млн гектар жер агроқұрылымдарға конкурстық негізде табысталған.

Жер телімдерін цифрлық жүйе бөледі. Салада конкурс жеңімпаздарын жер комиссиясы емес, енді цифрлық жүйе анықтайды. Жоба алдымен Ақмола және Жетісу облыстарында пилоттық режимде жүзеге асырылады. Жаңа жүйеде адами фактор азайып, барлық бағалау көрсеткіші автоматты түрде есептеледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, тиісті заңнама келер жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. 

Дархан Сұлтанбеков, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің басқарма басшысы:

- Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жерлері цифрлық форматта табысталатын болады. Ол жерде жер комиссиясын алып тастауды, қағазбастылықты, көпсатылы келісуді, сонымен қатар адами факторлардың барлығын шектеу жұмыстары жүргізіледі. 

Топырақ сапасы бақыланады. Таяуда қабылданған арнайы заңға сәйкес, «жер» мен «топырақ» ұғымы бөлек қарастырылып отыр. Мамандар 53 млн гектар аумақты зерттеген. Соның  2,7 млн гектары тозғаны белгілі болды. Оған климаттық өзгерістер ғана емес, адами факторлар да әсер етіп отыр. Енді жердің құнарлылығын сақтау және қорғау мақсатында агрохимиялық өңдеу жиі жүргізілуі керек. Сонымен қатар шаруаларға жер телімдерінің өлшемі мен топырақ сапасы туралы деректер көрсетілген цифрлық паспорт беріле бастайды.

Сондай-ақ оқыңыз: