Елімізде 14,5 млн гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді
Қазақстанда көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдары 14,5 млн гектар алқапқа егілді, деп хабарлайды «24KZ».
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, дәнді дақылдар 10 млн гектарға, майлы дақылдар – 3,2 млн гектарға, мал азықтық дақылдар – 861,4 мың гектарға, мақта – 167,3 мың гектарға, көкөніс дақылдары – 109,1 мың гектарға, бақша дақылдары – 80,3 мың гектарға, картоп – 107,7 мың гектарға, қант қызылшасы – 22 мың гектарға егілді.
Егіс науқанын даярлау және өткізу бағытындағы негізгі жұмыстардың бірі – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету.
2026 жылға арналған тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тонна. Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта 1,5 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге келісімшарттар жасалып, 1,3 млн тоннасы жөнелтілді.
Шаруаларды тыңайтқышпен қамтамасыз ету қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірлердің жергілікті бюджеттерінде 2026 жылға тыңайтқыш құнын субсидиялауға 56,3 млрд теңге қарастырылған.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарында 133,9 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы бар. Аграрларға үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық қамтамасыз етеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз