Жапонияға жылқы экспортталады
Қазақстан Жапонияға жылқы экспорттайды. Екі елдің компаниялары өзара келісім жасады.
Сондай-ақ биыл мал шаруашылығы саласын субсидиялауға арналған қаражат көлемі ұлғайды. Бұл өндіріс пен экспортқа оң әсер етпек. Алғашқы тоқсанның өзінде Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 10 пайызға артқан.
Қазақстан Жапонияға жылқы экспорттайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, екі мемлекеттің компаниялары арасында келісім жасалған. Сол құжатқа сәйкес Күн шығыс еліне ай сайын 100 жылқы сату жоспарланып отыр.
Тұяқты жануар тірілей де, сойылып та жөнелтіледі. Бүгінде тараптар экспортқа қойылатын талаптарды пысықтап жатыр. Сонымен қатар қазақ-жапон инновациялық орталығы базасында Тұрақты ауыл шаруашылығы жөніндегі зерттеу платформасы құрылады. Қазақстандық тауар өндірушілер жапон нарығына баратын өзге де өнім түрлерін көбейтуге ниетті. Ауыл шаруашылығы министрі Ресейдің теңіз порттары арқылы жапон нарығына сапалы астық пен ұн жеткізу қолайлы екенін айтады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Жапонияға экспортталатын өнім түрлерін кеңейтуге деген қызығушылығымыз зор. Оның ішінде бал, сүт өнімдері, құс еті, сиыр еті, қой еті және терең өңделген өнімдер бар. Аграрлық саладағы ықпалдастықты нығайту елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды фактор болатынына сенімдімін.
Ет өндірушілерге арналған субсидия көбейді
Елде мал шаруашылығы саласын субсидиялауға бөлінетін қаражат көлемі өсті. Ведомство өкілдерінің айтуынша, былтыр бұл мақсатқа 87 млрд теңге жұмсалса, биыл 120 млрд теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін тағы артуы мүмкін. Өйткені төрт түлік көбейіп келеді. Ал демеу-қаржының шамамен 20-25 пайызын бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына малын тапсырған шаруалар алады. Сондай-ақ шетелден етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара сатып алуға субсидия қарастырылған. Айта кету керек, былтыр елде 1,2 млн тонна ет өндірілді. Ең көп өнім шығарған аймақтардың көшін Алматы, Ақмола және Түркістан облыстары бастап тұр. Былтырғы тауардың 40%-ы осы аймақтарға тиесілі болды.
Зәуре Хамитова, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің басқарма басшысы:
- Шетелден, ТМД елдерінен әкелген кезде оларға 390 мың теңге бір басқа қарастырылған. Сондай-ақ Оңтүстік, Солтүстік Америка және Еуропа елдерінен асыл тұқымды аналық мал бастарын әкелген кезде 525 мың теңге субсидия қарастырылған. Бұл етті бағыттағы малдарға қатысты айтып отырмын.
Елдің сыртқы сауда айналымы 10%-ға артты
Биыл алғашқы тоқсанда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 33 млрд АҚШ долларына жуықтады. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға көп. Сауда және интеграция министрлігінің ресми мәліметі осындай. Мұндай көрсеткіш сыртқы экономикалық сектордың тұрақтылығын және қосылған құны жоғары өнімдердің үлесі артқанын аңғартады. Қаңтар-наурыз аралығында экспорт көлемі 18 млрд доллар болды. Қалғаны импортқа тиесілі. Ең ірі серіктестерімізге тоқсалсақ, сыртқы сауда айналымының 23 пайызы Қытаймен байланысты. Аспан асты елімен арадағы алыс-беріс 8 млрд теңге шамасында болды. Одан кейін Ресей — импорт пен өнеркәсіптік кооперация бағытындағы негізгі әріптестердің бірі. Сонымен қатар Италия, Түркия және Өзбекстанмен сауда-саттық дамып келеді.
480 мың гектар алқап шегірткеге қарсы өңделді
Қазір елде шегірткеге қарсы күрес шаралары жүріп жатыр. 480 мың гектар аумақ өңделген. Мамандар арнайы жерүсті техникасын, дрондар мен тік ұшақтарды қолданады. Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе және Жетісу облыстарында тиісті жұмыстар орындалды. Ал қалған өңірлерде аумақтық испекция мамандары өзге мекемелермен бірлесіп, мониторинг жүргізіп жатыр.