Қазақстанда қарыз көлемі азайып келеді

Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша қазақстандық банктердің несие портфелі 43,4 трлн теңгені құрады.

Бұл жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 61 млрд теңгеге төмен. Мұндай динамика қаңтар айындағы қарыз көлемінің күрт қысқаруына байланысты болып отыр. Оның себебі неде? Отандастарымыз банктен несие алуды азайта бастады ма? 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Қазақстандағы қарыз көлемінің азаюына бірнеше фактор әсер етеді. Алғашқысы базалық мөлшерлеме. Оны Ұлттық банк 18 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Ол несиенің қымбаттауына, яғни тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне алып келді.

Алмат Орақбай, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекшi сарапшысы:

- Бөлшектік несиелер сегментінде жалпы олардың борыштарды беру динамикасы 4,4 пайыз төмен түскен болатын. Ал тұтынушылық несие болса 7 пайызға қысқарған болатын. Бұл жалпы тұтынушылардың жоғары пайыздық мөлшерлемелерге бейімделгенін көрсетеді. Және одан бөлек ең төменгі резервтік талаптар мен реттеушілік талаптарға байланысты несиелеу сегментінде, жалпы бөлшек несиеде едәуір шектеулер байқалады.

Банктер азаматтардың қарыз жүктемесін де ескере бастады. Яғни енді адамдар несие үстіне несие жамай алмайды. Сонымен қатар банктерге де түрлі шектеулер енгізіліп, қойылатын талап қатаңдап жатыр.

Андрей Чеботарев, қаржыгер:

- Бұл шектеулерді нарық заңына сай деп айта алмаймын. Себебі ондағы ойын ережесін нарықтың өзі қалыптастырады. Банктер шектен шығып бара жатса ешкім ол жерден несие алмай қоюы керек еді. Бірақ бізде қаржы институттары арасындағы бәсеке әлсіз, азаматтардың қаржылық сауаты төмен. Сондықтан осындай қадамдарға баруға тура келіп отыр. 

Дегенмен, басты өзгеріс бизнеске берілетін қарыздарда болып отыр. Корпоративтік секторға берілген несие көлемі 20 пайыз артқанмен, несие портфелі азайып баарады. Мұны сарапшы былай түсіндірді.

Алмат Орақбай, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жетекшi сарапшысы:

- Ол төмендеу жалпы қысқамерзімді борыштардың жабылуымен түсіндіріледі. Яғни бір жылға дейінгі борыштарды бизнестер жапқаннан жалпы несие портфелі түскен болатын. Бұл жалпы несиеге деген бизнестің сұраысы түскенін түсіндірмейді. Яғни сұраныс бірқалыпты сақталып отыр. Тіпті артуда.

Бұған мемлекеттің банктерді экономикаға қаржы құюға итермелеуі себеп. Себебі тұтынушылық несие инфляцияны үдетсе, бизнеске берілген қарыз жалпы ішкі өнімді арттырады.  

Айбар Олжай, сарапшы:

- бұл жақта пропорциоаналды шешім қабылданған. Кепілсіз берілетін кредиттерден түсетін пайдаға 25 пайыз салық салынады қазір. Ал экономикаға берілген кредиттен баяғыдан 20 корпоративті табыс салығы қала береді. Сондықтан банктерге былай айтқанда, мотивация экономикаға көбірек кредит беру. 

Демек, банктердің несие портфелінің жұқаруы маусымдық құбылыс. Себебі жылдың басында баяулаған іскерлік қатынастар енді қарқын алып келе жатыр дейді мамандар.

Серік Селеубайұлы