Оралда индустриялық-логистикалық хаб салынады
Орал қаласында биыл «Еуразиялық индустриялық-логистикалық хаб» салынбақ.
Өңіраралық орталық құрылысына 23,5 млрд теңге жұмсалады. Жобаны «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы мен қытай инвесторлары бірлесе жүзеге асырмақ. Жоба шеңберінде болат конструкциялар, құрылыс қалыптары және кабель өнімдерін шығаратын зауыттар салынады. Бүгін хаб құрылысы салтанатты түрде басталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту мен жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды негізгі міндеттердің бірі деген болатын. Бұл ретте еліміздің батыс қақпасы саналатын Орал өңірінің әлеуеті орасан. Өңірде инвесторларға барлық қажетті жағдай жасалған. Соңғы 3 жылда негізгі капиталға шамамен 2,3 триллион теңге инвестиция тартылса, биыл алғашқы тоқсанда инвестиция көлемі 22%-ға өсіп, 135 миллиард теңгені құрапты. Бүгін алғашқы қадасы қағылған индустриалды-логистикалық хаб та аймақ экономикасына бизнестің жоғары сенімінің көрсеткіші, дейді салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Келіп жатқан инвесторларға жер мәселесімен қатысты барлық инфрақұрылымдарды шешіп беруіміз керек. Ол жол мәселесі, сол жерге қажетті электр жарығы, газ мәселесі және су мәселелері. Соңғы үш жылда тікелей тартылған шетелдік инвестициялардың көлемі 4,9 миллиард долларды құрайды. Бұл аймақтардың ішінде алдыңғы бестікте тұрмыз.
Логистикалық хабқа 130 млн доллар көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұл жерде жылына 30 мың тонна болат конструкцияларын, 60 мың дана құрылыс қалыбын шығаратын зауыт және кабель зауыты, қоймалар орналаспақ.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы:
- 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осы жоба саудаға логистикаға өндіріске оң септігін тигізеді деп біз сенеміз. Үлкен жоба бізге де Қазақстанға, мысалы, Қытай мен Еуропаның арасында да көп осындай логистикалық хабтар ашу қажет.
Логистикалық хаб құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап