Ұлттық банк теңгенің әлсіреуінің себебін түсіндірді
Мамыр айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5,1%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 486,51 теңге деңгейіне дейін төмендеді, деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) орташа күндік сауда көлемі Ұлттық банктің мәліметінше, бір айда 394 млн доллардан 392 млн долларға дейін азайды. Жалпы сауда көлемі 6,7 млрд долларды құрады.
«Сонымен қатар, мамыр айында Ұлттық қордан 500 млн доллар көлемінде валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Ұлттық қордан сатылған валютаның үлесі жалпы сауда көлемінің 7,5%-ын немесе күніне шамамен 29,4 млн долларды құрады», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Маусым айында Ұлттық банк республикалық бюджетке трансферттер бөлу мақсатында Ұлттық қордан 200–300 млн доллар көлемінде валюта сатуды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері мен күтілетін фискалдық түсімдерге байланысты қалыптасқан.
«Айналау» операциялары аясында мамыр айында шамамен 354 млрд теңге айналымнан шығарылды. Маусым айында осы мақсатта 354 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтілуде.
Сонымен бірге, мамыр айында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында шамамен 410 млн доллар сатылған.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 40%-дан төмендегендіктен, Ұлттық банк мамыр айында биржада шетел валютасын сатып алды. Сатып алу көлемі 878,5 млн долларды немесе жалпы сауда көлемінің шамамен 13%-ын құрады. Алдағы шешімдер инвестициялық басқару аясында нарықтық жағдайға қарай қабылданады.