Егіс науқанында стратегиялық маңызы бар дақылдарға басымдық берілді

Биылғы егіс науқанында жоғары табысты әрі стратегиялық маңызы бар дақылдарға басымдық берілді.

Нәтижесінде майлы дақылдардың алқабы 74 мың гектарға ұлғайып, 4 миллион гектардан асты. Ал мал азықтық дақылдардың көлемі 237 мың гектарға кеңейтіліп, 3,3 миллион гектардан астам жерге орналастырылды. Сонымен қатар бидай алқаптарын оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Биыл бидай егісінің көлемі 12,1 миллион гектарға дейін қысқарды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 125 мың гектарға аз. Жүгері алқаптары да кеміді. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында оңтүстік өңірлерде ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемі қайта қаралды. Егіс құрылымы су ресурстарын пайдалану лимиттеріне қатаң сәйкестікте бекітілді. Тамшылатып суару технологиясы енгізілген мақта алқаптары 29,8 мың гектарға артты.