Шаруаларға 200 миллиард теңге алдын ала беріледі
Қазақстанда ауыл шаруашылығын қаржыландырудың жаңа тетіктері кеңейіп келеді. Енді шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаражатты алдын ала ала алады. 2027 жылғы егіс науқанына дайындық үшін 200 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бұған қоса, биыл 5 800-ден астам фермер көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 665 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау алған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешенді қаржылық қолдау басқармасының басшысы Шерхан Қаныбек «24KZ» арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, шаруаларды алдын ала қаржыландыру тетігі 2024 жылы өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында Мемлекет басшысы берген тапсырмадан кейін қолға алынған. Содан бері бағдарлама үш жыл қатарынан жүзеге асып келеді.
2024 жылы 100 миллиард теңге берілген болатын. 2025 жылға 147 миллиард теңге қарастырылды. Ал биыл 1 қазаннан бастап 2027 жылғы көктемгі жұмыстарға өтінім қабылдау басталды. Негізгі қаражат ретінде 200 миллиард теңге жоспарлап отырмыз, – деді Шерхан Қаныбек.
Алдын ала қаржыландырудың мақсаты – шаруалардың жанармай, тұқым және өсімдіктерді қорғау құралдарын маусым басталмай тұрып, тиімді бағамен сатып алуына мүмкіндік беру. Сондай-ақ «Даму» қоры арқылы берілетін кепілдік бағдарламасы қарастырылған. Оның көлемі 85 пайызды құрайды.
Биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 5 800-ден астам фермер 665 миллиард теңге алған. Бұдан бөлек, 2026 жылғы көктемгі жұмыстарға 402 мың тонна, күзгі науқанға 401 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жалпы көлемі 803 мың тоннаға жеткен.
2027 жылғы көктемгі науқанға қажетті тұқым қоры да толық жасақталған. Ал мал шаруашылығы мен қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыру көлемі бір жылда екі еседен астам өскен. 2025 жылы бұл мақсатқа 94 миллиард теңге бөлінсе, биыл фермерлерге 215 миллиард теңге берілген.
Техника паркін жаңартуға 300 миллиард теңге
Ауыл шаруашылығын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – техника паркін жаңарту. Осы мақсатта 2024 жылдан бастап жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске қосылған. Фермерлер техниканы 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 5 пайызбен сатып ала алады.
2024 жылы аталған бағытқа 120 миллиард теңге бөлінді. 2025 жылы қаржы көлемі екі есе өсіп, 250 миллиард теңгеге жетті. Ал биылғы жоспар – 300 миллиард теңге. Қазіргі уақытта 295 миллиард теңгеге 9 300 техника фермерлерге берілді, – деді басқарма басшысы.
Бағдарламаның нәтижесінде техника паркін жаңарту деңгейі 2024 жылы 6,5 пайызды құраған. Ал 2026 жылға қойылған меже – 8 пайыз. Тағы бір ерекшелігі, бағдарлама аясында қазақстандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға басымдық берілген.
Мал шаруашылығына ұзақ мерзімді несие
Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру да жалғасып жатыр. Биыл мал шаруашылығын қолдауға арналған «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары іске қосылды. Бұл бағыттарға республикалық бюджеттен 150 миллиард теңге қарастырылып, оның 64,2 миллиард теңгесі бөлінген.
Қазақстанның Даму банкі арқылы ірі инвестициялық жобаларға 100 миллиард теңге қарастырылып, оның 65 миллиард теңгесі қаржыландырылған. Ал Аграрлық несие корпорациясы қайта өңдеу кәсіпорындары мен элеваторларға қатысты жобаларға 21 миллиард теңге бөлді, – деді Шерхан Қаныбек.
Келесі жылы осы бағыттарға республикалық бюджеттен 200 миллиард теңге қарастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерге тарату бағдарламасы аясында 170 миллиард теңге бағыттау көзделген. Бұл бағдарлама бойынша несие жылдық 2,5 пайызбен беріледі.
Шағын шаруаларға да қолдау бар
Мемлекеттік қаржылай қолдау ірі агроқұрылымдармен шектелмейді. Кәсібін енді бастаған ауыл тұрғындары да жеңілдетілген несие ала алады. Мәселен, 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 миллион теңгеге дейін жылдық 2,5 пайызбен қаржы беріледі.
Бағдарлама қаражатын мал және егін шаруашылығына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағыттауға болады.
Ал мал шаруашылығын бастағысы келетіндерге арналған «Жайлау» бағдарламасы әзірге бес облыста пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр.
Негізгі шарттардың бірі – шаруаның жайылымы болуы қажет. Бөлінген қаражат есебінен қора, құдық және қоршау салуға, сондай-ақ мал басын Қазақстанның ішінен сатып алуға мүмкіндік беріледі, – деп түсіндірді Шерхан Қаныбек.
Осылайша, мемлекеттік қолдау тетіктері ауылдағы шағын кәсіптен бастап, ірі инвестициялық жобаларға дейінгі бағыттарды қамтиды. Алдағы кезеңде негізгі міндет – шаруаларды қаржымен уақытылы қамтамасыз етіп, егіс науқанына алдын ала дайындық жасауға жағдай қалыптастыру.