Неліктен жергілікті бизнес жылдар бойы маркетплейстерге жол беріп келді және ЕАЭО нені өзгертеді?
2026 жылғы 1 шілдеден бастап ЕАЭО Кеден кодексіне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Соған сәйкес, интернет арқылы сатып алынатын тауарлар алғаш рет жеке санатқа – электрондық сауда тауарлары санатына бөлініп, оларға арнайы декларациялау және кедендік рәсімдеу тәртібі енгізіледі, деп хабарлайды «24KZ».
Qazaq Expert Club сарапшысы, салық консультанты, ACCA мүшесі Раушан Тасшоинова бұл өзгерістердің негізгі мақсаты бюджет кірістерін арттыру ғана емес, сонымен қатар жергілікті сатушылар мен халықаралық маркетплейстер арасындағы бәсекелестікті теңестіру екенін айтады.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы электрондық сауда көлемі 3,8 трлн теңгеге жеткен. Оның шамамен 86%-ы маркетплейстердің үлесіне тиесілі. Сарапшының айтуынша, электрондық сауда экономиканың ең ірі сегменттерінің біріне айналғандықтан, ЕАЭО елдері бұл салаға қатысты жеке реттеу тетіктерін кезең-кезеңімен қалыптастырып отыр.
Раушан Тасшоинованың пікірінше, ең маңызды өзгеріс 5%-дық баж мөлшерлемесінде емес. Ол бұған дейін интернет арқылы сатып алынатын тауарлар жеке пайдалану санатында қарастырылса, енді олар үшін дербес кедендік рәсімдеу және есепке алу режимі енгізілетінін атап өтті.
Бүгінде қазақстандық бизнес тауарды импорттау, кедендік рәсімдеу, қоймада сақтау, ішкі логистика және салықтық әкімшілендіру сияқты шығындарды көтереді, ал дәл сол тауарды шетелдік маркетплейстер арқылы жиі арзанырақ бағамен сатып алуға болады, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, осыған байланысты кәсіпкерлер қауымдастығы ұзақ уақыттан бері бәсекелестік шарттарының тең еместігін айтып келеді.
Жаңа тәртіп бұл айырмашылықты толық жоймайды, бірақ оны қысқартуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі, – деді ол.
Төлемдерді есептеу тәртібі де өзгереді. Бұрын кедендік баж белгіленген лимиттен асқан сомаға ғана есептелсе, енді ол тапсырыстың толық кедендік құнына қолданылады. Сонымен қатар 31 килограммдық салмақ лимиті алынып тасталады.
Сарапшының айтуынша, егер тапсырыс құны 200 еуродан асса, оған 5% мөлшеріндегі бірыңғай кедендік төлем (әр килограмм үшін кемінде 1 еуро) және қосымша 16% ҚҚС есептеледі.
Бұл шетелдік сауда платформаларының баға бойынша артықшылығын белгілі бір деңгейде азайтып, жергілікті сатушыларға тек жеткізу жылдамдығы мен сервис арқылы ғана емес, баға жағынан да бәсекелесуге мүмкіндік береді, – деді Раушан Тасшоинова.
Сарапшының пікірінше, бұл өзгерістер Қазақстан ішінде онлайн сауданың күрт өсуіне бірден әсер етеді деу қиын. Оның айтуынша, егер шетелдік маркетплейстер мен жергілікті сатушылар арасындағы баға айырмашылығы қысқарса, тұтынушылар көбіне жылдам жеткізу мен кепілдік қызметті таңдайды.
Сонымен бірге ол арзан тауарлар сегментінде шетелдік платформалардан толық бас тарту күтілмейтінін, ал қымбат тауарлар санатында қосымша салықтық жүктеме шешуші факторға айналуы мүмкін екенін атап өтті.
Ірі халықаралық маркетплейстер ауқымының кеңдігі, өндірушілерден тікелей жеткізу және төмен операциялық шығындар есебінен баға артықшылығын сақтап қалуы мүмкін. Сарапшының айтуынша, жаңа ережелерді тек баж мөлшерлемесі тұрғысынан бағалау жеткіліксіз.
Бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – салықты көбейту емес, электрондық сауда нарығында теңгерімді бәсекелестік ортаны қалыптастыру, – деді ол.
Іс жүзінде ЕАЭО электрондық сауда үшін жеке реттеу жүйесін қалыптастыруға қадам жасап отыр. Сарапшының пікірінше, басты сұрақ – жаңа ережелер жергілікті бизнес пен халықаралық маркетплейстер үшін шын мәнінде әділ бәсекелестік орта қалыптастыра ала ма деген мәселеде болып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз