БҚО Қытай инвесторларына жаңа мүмкіндіктер ұсынды
Қытайдың Ляонин провинциясының кәсіпкерлері Батыс Қазақстан облысына ірі көлемде инвестиция салады.
Қазақ-қытай бірлескен жобалар ақжайық өңірінде өндіріс, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, көлік-логистика сияқты маңызды салаларда жүзеге асырылады. Бұл жөнінде аймақ әкімі Нариман Төреғалиев пен провинция губернаторы Ван Синь Вэй арасындағы кездесу кезінде айтылды. Қос өңір өзара сауда-экономикалық әріптестікті нығайтып, тығыз қарым-қатынас орнатуға мүдделі.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қытайға жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысын Ляонин провинциясының губернаторы Ван Синь Вэй аттай қалап шақыртқан. Облыстың инвест әлеуеті қызықтырып отыр. Қос өңірдің басшылары бүгін Шэньян қаласында кездесті. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жайын талқылап, ұсыныстарын ортаға салды.
Ван Синьвэй, Ляонин провинциясының губернаторы:
- Өндірістік ынтымақтастықты тереңдетуге дайынбыз. Ляонин провинциясының өндірістік технологиялық әлеуеті зор. Біз қос тараптың машина жасау, мұнай, химия, металлургия, ауылшаруашылығы сияқты салаларда өзара алмасуларды көбейтіп, қарым-қатынасты нығайтуға әзірміз. Сонымен қатар технологиялық өндірістік тізбекті бірлесіп құруға әзірміз. Қазақстандық кәсіпорындар Ляонинге келіп ортақ жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді деп ойлаймын.
Батыс қазақстандық делегацияның көздегені де осы. Көршінің озық технологиясы мен терең тәжірибесін пайдаланып аймақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру керек. Өз кезегінде Нариман Төреғалиев провинциядағы қарқынды дамып келе жатқан энергетика, роботтандыру салаларына ерекше назар аударды. Әсіресе облыста қызығушылық танытқан инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен жеңілдіктің бары қытайлық тарапты елең еткізді.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Біздің алдымызда мемлекет басшысы қойып отырған тапсырманың бастысы ол инвестиция тарту болса Батыс Қазақстан облысы қазір осы бағытта үлкен жұмыстарды атқарып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысына келер болсақ біз шетелден инвестиция тарту бойынша Қазақстанда 4-орында тұрмыз. Биылғы жылға бізге Батыс Қазақстан облысына бір триллион 50 миллиард инвестиция тартамыз деген жоспарымызда тұр.
Ақжайық өңірі қызығушылық танытқан компанияларға жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Делегация мүшелері алдағы үш күн бойы облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырып, инвесторлармен тікелей байланыс орнатудың амалын жасайды. Айта кету керек, қытайлық тарап достық байланыс, өндірістік ынтымақтастықты тереңдетуден бөлек Қытай мен Қазақстан мәдениетінің жылы аясында мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге де ниет білдірді.
Руслан Бақытбекұлы