Орал мен Цзиньчжоу бауырлас қалалар атанды

Келісімге Қытайда өткен халықаралық форум кезінде қол қойылды. Бұл - Батыс Қазақстан облысы мен Ляонин провинциясы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. 

Енді қос аймақ үшін де өзара бірлескен жобаларды көбейтіп, тәжірибе алмасуға жол ашылды. 

Қытайдың Ляонин провинциясында халықаралық бауырлас қалалар форумы өтіп жатыр. Іс-шара өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, экономика, сауда, ғылым, білім мен мәдениет және туризм салаларындағы өзара түсіністікті нығайтуға және іс – қимылды кеңейтуге бағытталған. Бұл провинция әлемнің 32 елінің 96 қаласымен бауырлас қарым-қатынас орнатқан. Сондай-ақ, 71 мемлекеттің 400-ге жуық қаласымен әріптестік байланысы бар аймақ. Енді бұл тізімге алғаш рет Орал қаласы еніп отыр.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Уағдаластыққа отырдық. Мұның басты мақсаты бір-бірімен тәжірибе алмасу. Екіншіден, Ляонин провинциясының, соның ішінде осы провинцияға қарайтын басқа да қалалардың озық технологияларын, жетістіктерін енгізу. Мұны бүгінгі күні Мемлекет басшысы алдымызға қойып отыр. Жасанды интеллект пен цифрландыру мәселесі бар. Бұл жақта осы мәселелер өте жақсы дамыған. Біз қазір осы жетістіктерді өзіміздің қалаларға енгізу, солардан үйрену.

Сапар барысында Батыс Қазақстан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Оған Шэньян қаласының бизнес қауымдастығы қатысты. Инвесторларға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаулар мен жеңілдіктер түсіндірілді. Мамандар кәсіпкерлермен кездесіп, сұрақтарына жеке-жеке жауап берді.

Фэн Хаоян, Қазақ-қытай экономикалық, сауда және инвестициялық қызмет орталығының жетекшісі:

- Кәсіпкерлер облыстың басшылығымен тікелей кездесіп, сауалдарына жауап алды. Менімен бірге бүгін 15 компанияның жетекшілері келді. Олар, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс сияқты салаларда жұмыс істейді. Бәрі Батыс Қазақстан облысына инвестция салуға ниетті. Бұл компаниялар аймақта жалпы құны 10 миллиард АҚШ доллар болатын жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысы Қытайдың бес провинциясымен тығыз байланыс орнатты. Қазір көрші елдің он ірі компаниясы бірқатар салаға инвестиция салып өңірде жұмыс істеп жатыр. Былтыр жалпы аймақтың Қытаймен жасаған  сауда айналымы  бір жарым есеге артып 175 миллион АҚШ долларға жетті. Бүгінде облыста 12 жарым мың кәсіпорын тіркелген болса, оның екі мыңнан астамы шетелдік кәсіпорындардың қатысумен ашылып жұмыс істеп тұр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы