Отандық автоөнеркәсіп қанатын кеңге жайды
Былтыр сатылған 10 жаңа көліктің 8-ін өзіміз жасадық.
Яғни отандық өнім. Автопарк те жаңарды.
Бұл күнде қала тұрмақ, ауыл-аймақта ескі көлік сирек ұшырасады. Қазір отандық автомобиль өндірісі қанатын кеңге жайғандықтан автопарк бұдан кейін де жаңара бермек.
Техника көбейген соң бағасы да төмендеді. Тіпті жарнамасын төгілтіп, қол бұлғап тұратын автосалондарда қазір көлікті несиеге алу қиындаған.
Автоқарыз беру баяулады
Елде автонесие беру ісі баяулап келеді. Бір жылда көрсеткіш 27 пайызға азайды. Сарапшы Рамазан Досов бұл нарықта сұраныс та, ұсыныс та бұрынғыдай болмайтынын айтады.
Осыдан үш жыл бұрын авто несие портфелі 1 трлн теңге болса, былтыр 4 трлн-ға жетті. Оған төмен пайыздық несие, банктер мен дилерлердің, бір қарағанда тиімді, ұсыныстары және күнде түрленіп жатқан жаңа көлікке деген қызығушылық әсер етті. Дегенмен, мұндай қарыздың салдары барын көпшілік түсініп жатыр. Оны төлеп біткенше, көлік құны түсіп үлгереді. Ал ұсталғанын баяғыдай қымбатқа сатамын деу,әурешілік. Есесіне нарықта trade-in қызметі қызып тұр. Яғни ескі тұлпарды ақша қосып жаңасына ауыстыру сұраныста.
Автонесиелеу көрсеткіші
2023 – 74%
2024 – 53%а
2025 – 42%
Жаңа көліктің көбі несиеге алынған
Рас, көшедегі жаңа көліктерге көзіміз үйренді. Авто парк біршама жаңарғандай. Сол заманауи тұлпардың жартысынан көбі несиеге алынған дейді сарапшылар. Бұл ғана емес, ұсталған көліктің өзін қарызға алатындар көп. Рамазан Досов авто несиені кешіктіру көрсеткіші үш пайыздан асқанын айтады. Осы орайда банктер клиенттің төлем қабілетін қатты қадағалай бастады. Демек, автонарықтағы ахуал өсіп, түспей тұрақталатын шақ жақындады.
Рамазан Досов, ҚМА аналитикалық орталығының бас сарапшысы:
- Тиімді төменгі базаның әсері кетіп жатыр. Көлік нарығы бай, оны қарызға алатындарға талап күшейген. Осыған сүйенсек, несиелеу көрсеткіші өткен жылдардағыдай өсе қоймайды. Жалпы Қазақстандағы автонесиелеу тұрақты болады деп ойлаймын.
Отандық көлікке сұраныс артты
Былтыр елде сатылған әрбір 10 жаңа көліктің 8-і отандық өнім. Автокөлік одағының президенті Анар Мақашева өндіріс қарқыны арта беретінін айтады. Жарты жылда 78 мың көлік жасалды. Бұл 37 пайыз көп. Көрсеткішке Алматы мен Қостанайдағы жаңа зауыттардың қосылуы да ықпал етті. Шетелдік брендтер елде өндіріліп жатыр. Бүгінде автомобиль жасау жалпы машина жасау саласының 42 пайызын қамтиды.
Анар Мақашева, Қазақстандағы Автокөлік одағының президенті:
- Біздің бір жылда 350 мыңнан аса жеңіл көлік өндіруге қауқарымыз бар. Компаниялар 2-3 ауысыммен жұмыс істесе, көрсеткішті арттыруға болады. Бұл әлемде бар тәжірибе. Отандық көлікке сұраныс көп. Мысалы, былтыр 234 мың жеңіл, жүк көліктері мен автобус сатылды. Оның бәрі ішкі нарықтағы ресми ойыншылар.
Брендке қызмет сапасын да арттыру қажет
Елде қазір 6 млн-ға жуық көлік бар. Импорттық өнімнің де үлесі басым. Соның ішінде қытайлық брендтер саудасы екі жылдан бері 40 пайызға жуықтап тұр. Бәсекелестік ортаны зерттеу орталығының аға сарапшысы Бейбарыс Әубәкіров автопарк құрылым жағынан да жаңарып жатқанын айтады.
Нарыққа техникалық сипаттамасы, электрондық жүйесі және сервис талаптары озық көліктер келіп жатыр. Сол себепті жергілікті бизнес мамандандырылған қызмет көрсетуге машықтана бастады. Диагностика жасау, тұпнұсқа немесе аналог бөлшектерді жеткізу ісі дамып келеді.. Енді жаңа платформалар мен жаңа маркаларға икемі бар маман дайындау да маңызды.
Автопаркті жаңарту маңызды
Енді ескі көліктің үлесін азайту міндет. Өйткені 10-20 жыл бұрынғы техникалар әлі көп. Мамандар бұл үшін инфрақұрылым мен лайықты бәсеке қалыптастырып, нарықты жетілдіру беру қажет дейді. Әзірге бір жаңа көлікке шаққанда 6 ескі көліктен келіп тұр.
Анар Мақашева, Қазақстандағы автокөлік одағының президенті :
- Қазір белгілі бір баланс қалыптасты. Отандық өндірушілер, ресми импорттаушылар, дилерлер сатып алушыларға лайықты ұсыныс беріп отыр. Таңдау бар. Моделіңіз, қалаған түсіңіз, заманауи жабдықтар, бәрі бар. Тіпті ескі көлігіңізді жаңаға ауыстыру да жеңілдеді.
Тіркелген жаңа көліктердің бәрі ел аумағын қамтып отырған жоқ. Көпшілігі Алматы қаласы, Алматы облысы және Астанада сатылған. Әсіресе Оңтүстік Корея, Қытай және АҚШ көліктеріне қызығатындар көп. Ал елде құрастырылғандары әзірге қымбаттамайды. Сосын Қытай мен Корея брендтері арасында бәсеке жоғары. Демек, дилерлер тиімді ұсыныс айтып жатса таң қалмаңыз.
Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.