25 триллион теңге: Қазақстандықтардың қарызы өсіп барады
Қазақстандықтардың несие жүктемесі артып барады, деп хабарлайды «24KZ».
2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторындағы несие көлемі 25 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
Оның айтуынша, Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі – халықтың борыштық жүктемесін азайтып, қаржылық тұрақтылығын арттыру.
«Бұл жерде халықтың несие жүктемесіне және тұтынушылық несиелердің өсуіне жеке тоқталғым келеді. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторының несиелері 25 триллион теңгеге жетті. Оның үштен екі бөлігінен астамы, яғни 10 триллион теңгеден астамы дәл осы тұтынушылық қарыздар. Бұл көрсеткіш жылдан жылға өсіп барады», - деді Азамат Әмрин.
Бірінші несие бюросының талдау орталығы деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халықтың барлық ұйым алдындағы қалдық берешегі 27,5 триллион теңге болған. Орта есеппен бір қарыз алушыға 4,4 несиеден келеді, ал екі және одан да көп несиесі бар борышкерлердің үлесі 76 пайыз болады.
«Бұл - тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін айтарлықтай күрделі жағдай», - деді бірінші вице-министр.
Ұсынылып отырған шаралардың қатарында - банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы тұтынушылық несиелер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін есептеу әдістемесін қайта қарау, сондай-ақ қаржылық қызметтер көрсету кезінде жосықсыз тәжірибелерді болдырмау талаптарын енгізу бар.
Сонымен қатар, сөз қосымша қызметтерді таңу және маңызды шарттарды жасыру туралы болып отыр. Несие берілмес бұрын банктер мен несие ұйымдары қарыз алушыға несие шарттары туралы түсінікті жадынама ұсынуға міндеттеледі.
Бұдан бөлек, азаматтардың жекелеген санаттары, соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жеке тұлғалардың банкроттық рәсімін жеңілдету ұсынылады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз