Ел экономикасы әлемдік рейтингте 47-ші орынға көтерілді
Елдің экономикалық әлеуеті артып, әлемдік рейтингте 47-ші орынға көтерілді. Бұл бізбен тетелес, тіпті көш ілгері келе жатқан, халқы көп мемлекеттердің көрсеткішінен жоғары, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында осылай деді. Дегенмен босаңсуға болмайды. Саладағы сандардың нақты нәтижесі тұрғындар тұрмысының түзелуіне әсер етуі тиіс. Әр істің игілігін ең алдымен бұқара сезінуі керек.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
– Биыл жалпы ішкі өнімнің көлемі 400 млрд долларға жуықтайды. Меже орындалса, жан басына шаққандағы қаржы көлемі 19 мың АҚШ ақшасынан асады. Бұл – Халықаралық валюта қоры ұсынған болжам. Бүгін қазақ басшысы жолдауда саладағы серпілісті оң бағалады. Ол өз сөзінде енді ел әлеуетін әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға бағыттау керек екенін айтты. Әсіресе, құрылыс қарқынын көбейту қажет. Президент пәрменін орындау үшін үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуге кірісті.
Ең төменгі жалақы көлемі артады
Сондай-ақ тұрғындардың тұрмысын түзеу үшін үкімет қымбатшылықты құрықтауы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте инфляциямен күресу керектігін айтты. Айлығы шайлығынан артылмайтын ағайынның мәселесін сөз етіп, ең төменгі жалақы көлемін 85 мыңнан 110 мыңға дейін көтеруді ұсынды.
Ерлан Сайыр, ҚР Құрылтайының депутаты:
– Осының барлығы 4-5 жылдың ішінде Қазақстанның тек ғана ІЖӨ мөлшері бойынша ғана емес, азаматтардың әлеуметтік стандарттарына сәйкес жоғары даму мемлекет қатарына қосылатындығын атап өту керек. Осы экономикалық көрсеткішті біз азаматтардың әлеуметтік стандарттарын көтеретін үлкен бір бағытқа айналдыруымыз қажет.
Банктердің активтері ₸75 трлн асты
Банктердің де бүйірі толып, қаржы ұйымдарының активтері 75 трлн теңгеден асты. Ал ондағы халық қаржысы 52 трлн теңгеге жетті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Оның 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Осылайша, төл теңгенің тұғыры беки түсті. Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Ел Президенті ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға пайдалануды айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Кіріс-шығысты қадағалау қарқын алады
Кіріс-шығыс жайы да сөз болды. Қазақ басшысы қазына қаржысын қадағалауды һәм жоспарлауды одан әрі арттыру қажет екенін ескертті. Ол үшін мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтау керек. Бюджет қаражатын басқарудың автоматтандырылған жүйесін құру қажет. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін «Үкімет пен Ұлттық Банктен нақты ұсыныстар күтемін», – деп түйіндеді.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Нұрғали Мамырбаев