Қазақстан терең өңдеу экономикасына көшті

Қазақстан шикізат моделінен терең өңдеу экономикасына және жоғары қосылған құнға көшуде.

Премьер-министр Олжас Бектенов елордада өтіп жатқан XVI тау-кен металлургия конгресінде осылай деп мәлімдеді. Үкімет басшысының сөзінше, Қазақстан әлемдік нарықтарда шикізат жеткізуші ретінде ғана емес, сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнеркәсіптік өнім өндіруші ретінде де өз позициясын нығайтпақ. Бұған соңғы екі жылда жалпы құны 1 миллиард доллардан асатын катодты мыс, ферросилиций, ферроқорытпалар және басқа да өнімдер шығаратын бірқатар ірі өндірістердің қолданысқа берілуі дәлел. Сондай-ақ Абай облысында жалпы құны 1 жарым миллиард доллардан асатын мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Өндіріс іске қосылса, экспортталатын мыс концентратын іс жүзінде толықтай ел ішінде өңдеуге мүмкіндік туады. Бұған қоса бүгінде Павлодар облысында жылына 300 мың тонна алтын-мысты концентрат пен 15 тоннаға дейін алтын өндіру қуаттылығымен гидрометаллургиялық комбинат салынуда. Конгресс аясында Үкімет басшысы тау-кен металлургия кешеніне арналған озық үлгілермен танысты. Биыл ауқымды шара Австралия, Германия, Италия, Қазақстан, Канада, Қытай, Сауд Арабиясы және АҚШ сынды 15 елден келген 70 компанияның басын біріктірді.