Қазақстандағы темір жолмен екі қабатты контейнер тиелген пойыздар өтетін болады
Әуе хабы ғана емес, темір жол желісі де ұзара түсті.
Биыл екі жоба: Мойынты-Қызылжар мен Дарбаза-Мақтаарал арасындағы теміржол құрылысы аяқталады.
Жалпы жолаушы тасымалынан бөлек 5 жылда темір жол арқылы тасылған жүк 20 млн-нан 33 млн тоннаға дейін өсті. Ендігі мәселе халықаралық дәліздер мен терминал инфрақұрылымын дамытуға күш салып жатырмыз. Бұл қалай жүзеге асады?
Елге қос контейнерлі пойыздар келеді
Біздің теміржол арқылы қос контейнерлі пойыздар жүретін болады. Мұндай состав Қытайдан шығады.
Достық-Мойынты, одан әрі Қызылжар станциясы арқылы Ұлытау жерімен Сексеуілге, сосын Ақтау, Құрық портына жетеді. Қытай мен Еуропаны жалғайтын темір жол бар болғанымен қазір төте жолдар қосылып жатыр.
Яғни Мойынты - Қызылжар арасына жаңа жол төселді. Ол биылдан қалмай іске қосылады. Мұның тағы бір артықшылығы жаңағы айтқан қос котейнерлі, яғни 2 қабатты контейнерлер тасуға болады. Бұл бір есептен 1 локомотивпен 2 состав сүйреуге мүмкіндік туады деген сөз. Сонымен қатар әрине жол қысқарады.
Нұржан Келбұғанов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
- Қызылжар-Мойынты темір жолы салынып жатыр. Ол Орталық дәлізде тұрғандықтан, мысалы, бұрын Достықтан Ақтауға шейінгі бүкіл Қазақстанның ішіндегі 2750 шақырымды 3-4 тәулік жүретін болсақ, бүгін 2 тәулікке жеткізіп отырмыз. Ал енді, мысалы, Қытайдан бастап есептегенде, Сиань портынан Поти портына дейін 50-52 тәулікке баратын контейнер 17-18 күнде жетіп жатыр. Демек, үш есе жылдамдығын арттырдық.
Иә, Қазақстан 2040 жылға қарай теміржол арқылы жүк транзитін 100 млн тоннаға жеткізеді. Биылғы меже 55 млн, ал 2030 жылға дейін 67 млн тоннадан асыру қажет.
Мақсат айқын. Оған жету үшін халықаралық дәліздер желісін қалыптастырып жатырмыз. Қазірдің өзінде Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа, Парсы елдері және Оңтүстік Азия мемлекеттері арасындағы маңызды көпірге айналдық. Көлік министрі Қытайдан Еуропаға жеткізілетін жүктің 80 пайызы Қазақстан арқылы өтетінін айтады. Қолға алынған жобалар сәтті болса, алдағы 20 жылда теміржол жүк транзиті 2 есе өседі.
Талғат Алдыбергенов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Былтыр біз Достық-Мойынты учаскесін салдық. Бұл 836 шақырым жол. Биыл Мойынты-Қызылжар, Дарбаза-Мақтарал және Алматы қаласының айналма жолын саламыз. Оның үстіне былтырдан бері 3 мыңдай шақырым жолды жаңғыртып жатырмыз. Осы 7 учаскені жеке-жеке алсақ, өткізу қабілетін 1,8 ден 2,5 есеге дейін арттыруға болады. Бұл Қытай бағытындағы Алтынкөл-Жетіген, Бейнеу-Шалқар, Бейнеу-Маңғыстау, Сексеуіл - Жезқазған, т.б. учаскелер.
Теміржол жүк транзиті:
2026 – 55 млн тонна
2030 – 67 млн тонна
2040 – 100 млн тонна
Үш қатарлы теміржол салынады
Тозған темір жолды да жаңарту міндет. Бұл жұмыстар жоспарға сай кезең-кезеңімен атқарыла береді. Ендігі бір жайт темір жолдар бұрынғыдай бір желі, қос рельс қана емес, қатар түседі. Яғни екі темір жол болады. Мұндай жолдардың алды іске қосылған. Енді үш темір жол қатар түсетін жобалар да бар.
Нұржан Келбұғанов, ҚР Көлік министрлігі теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
- Астана мен Қарағандының ортасында үшінші жолақты темір жолдар салу қарастырылуда. Арыс пен Қазалының ортасындағы 712 шақырым 2-жолақты темір жолды салу көзделіп отыр. Бизнестің сұрауы бойынша Орал, Қарағанды, Қарағайлы сияқты теміржолдарды осы үш жылдың ішінде салу бойынша қарастырылып жатыр.
Шетелде терминалдар салынады
Темір жол ғана емес, терминал салу да қатар жүріп жатыр. Өз шетелде де қазақстандық нысандар болады. Тура бір жылдан кейін Астана, сондай-ақ шетелдік Алят, Свислочь және Селятино қалаларында терминал желісіндегі жоба аяқталады. Ал Будапешт, Чэнду және Констанца қалаларында басталады. Демек, Қазақстанның бірыңғай логистикалық экожүйесі қалыптасып жатыр. Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыттар бойынша 7 терминал бар, қосымша жетеуін жаңғырту жұмысы биыл аяқталады.