Қорғас басты транзиттік тораптың біріне айналды
Қытайдан Қорғас арқылы жөнелтілетін жүк көлемі артты. Биыл алғашқы жарты жылдықта тасымалданған тауар көлемі 23 млн тоннаға жуықтады.
Бұл көрші елдің Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында жұмыс істеп тұрған порттар ішіндегі ең жоғары көрсеткіш деп танылды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қорғас – Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыратын негізгі тораптардың бірі. Қытаймен шекарадағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл кешенді жоба теміржол, логистикалық және индустриялық нысандарды біріктіреді. Қазір торапқа кіретін арнайы экономикалық аймақта отызға жуық инвестор компания жұмыс істейді. Олар жалпы құны 258 млрд теңгеден асатын 45 жобаны жүзеге асыруда.
Бүгінде Қытайдан еліміз арқылы жөнелтілетін экспорттық тауар көлемі жыл емес, ай сайын ұлғайып келеді. Қытайдан Еуропаға құрлық арқылы экспортталатын тауардың 80 проценті Қазақстан арқылы өтеді. Бір ғана автокөлік өткізу пункттері арқылы тасымалданған жүк биыл 25 пайызға өсіп жаңа рекорд тіркелді. Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы халық үкіметінің мәліметіне сәйкес, қаңтар мен маусым айларында тек қана авто өткізу бекеттері арқылы 219 мың коммерциялық көлік экспортталған. Қазір Қорғас арқылы тәулігіне бір мыңнан астам түрлі техника жөнелтіледі. Екі ел арасындағы автожолдар арқылы 650 мыңға жуық адам шекара арқылы кіріп-шыққан. Сонымен қатар трансшекаралық сапарлар да артты.
Ян Лю, трансшекаралық кедендік бақылау бөлімінің басшысы:
- Біз импорт пен экспорттық сауда көлемі ұлғайған сайын өткізу қуатын арттырып, кедендік рәсімдеу шараларын жеңілдетуге күш салып жатырмыз. Қазақ-қытай мекемеаралық кездесулер мен келісімдердің арқасында іс-әрекетттерді өзара үйлестіріп отырмыз. Тиімді логистикалық жағдай жасау мақсатында интеллектуалды бақылау енгізіп, инновациялық тәсілдер қолданылып жатыр.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қорғас торабын дамыту жалғаса береді. Бұл еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтеді. Сондай-ақ ұлттық көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттырады.