Қазақстанда сауда орталықтары жабылу алдында: депутаттар дабыл қақты

Қазақстанда сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде келушілер саны азайып, бірқатар нысандар бос қалған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары Үкіметке сауда орталықтарын сақтап қалу және оларды жаңа форматқа бейімдеу жөнінде  ұсыныс жасады. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке жолданған сауалды депутат Азат Перуашев оқыды, деп хабарлайды «24KZ».

Бұл мәселе Шымкент, Қарағанды, Семей, Орал және Астана қалаларындағы кәсіпкерлермен кездесулерден кейін белгілі болған. Бизнес өкілдері табыстың төмендегенін және келушілер азайғанын айтқан.

Депутаттың пікірінше, сауда орталықтарын сақтап қалудың жалғыз жолы – оларды тек зат сатып алатын жер емес, көпфункционалды қоғамдық кеңістікке айналдыру керек.

«Босаған орындарды балалар орталығы, спорттық аймақтар, аттракциондар, фитнес және сауықтыру орталықтары, білім беру мекемелері, компьютерлік клубтар мен фудкорттар сияқты халық көп жиналатын ойын-сауық нысандарына айналдыру қажет. 

Халық қалаулыларының айтуынша, бұған онлайн-сауданың дамуы мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі де әсер етіп отыр.

Осыған байланысты халық қалаулылары сауда орталықтарын тек дүкен орны емес, балалар орталығы, спорт және фитнес залдары, білім беру орындары мен демалыс аймақтары бар көпфункционалды кеңістікке айналдыруды ұсынды.

Депутаттар ұсынған  мемлекеттік қолдау шаралары:

сауда орталықтарын жаңғыртуға жеңілдетілген несие беру;

жөндеу жұмыстары кезінде салықтық жеңілдіктер енгізу;

сауда нысандарын жалға беру қызметіне қайтадан арнайы салық режимін қайтару.

Олардың айтуынша, мұндай қадамдар жұмыс орындарын сақтап, сауда инфрақұрылымының дамуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, елімізде сауда орталықтарының саны артқанымен, олардың экономикалық тиімділігі мен инвестициялық құрылымы өзгеріске ұшырап жатқаны да атап өтілді.