Жаңа Ата заң 1 шілдеде күшіне енеді

Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. 

Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, қазіргі уақытта Парламент төрт конституциялық және 60-тан астам ілеспе заңды қарастырып жатыр. Негізгілерінің қатарында сайлау туралы, астананың мәртебесі жөнінде, сондай-ақ Құрылтай және оның депутаттары туралы заң жобалары бар. Талқылау Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен комиссияларында өтіп жатыр.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Конституциялық заңдар палаталарда бөлек қаралмайды, олар Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан құрылған бірлескен комиссияларда талқыланып, қабылданады. Одан кейін Парламент палаталарының бірлескен отырысының қарауына енгізіледі. Қазіргі уақытта бәрі жоспарлы түрде жүріп жатыр. Сайлау туралы конституциялық заң жобасы қазірдің өзінде бір аптадан астам уақыт бойы қаралып отыр. Мен бірнеше отырысқа қатыстым. «Ақ жол» демократиялық партиясы бұл заң жобасына өз ұсыныстарын енгізді. Басқа да заң жобалары бойынша белсенді қатысуды жоспарлап отырмыз. Құрылтай туралы және оның депутаттарының мәртебесі жөніндегі заң бойынша біз әзірлеушілердің қатарындамыз, сондықтан белгіленген мерзімге сай жұмыс істеуіміз керек. 

Негізгі өзгерістің бірі – бір палаталы Парламентке, яғни Құрылтайға көшу болмақ. Оның депутаттары партиялық тізім бойынша сайланады. Сайлау тамыз айында өтеді.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Құрылтай құрылымындағы өзгерістерге келсек, бүгін оның құрамындағы комитеттердің саны нақтыланбақ. Президент 8 комитет болуы керек деген, ал қазіргі Мәжілісте 7 комитет бар, соған цифрландыру жөніндегі тағы бір комитет қосылады. Сонымен қатар Құрылтай депутаттарының өкілеттіктері және олардың Үкіметпен өзара қарым-қатынасы нақтыланады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес жүзеге асады.