Әскерилердің тұрғын үй төлемдерін пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілді
Қазақстанда әскери қызметшілердің, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдерін пайдалану мүмкіндіктері кеңейтілді, деп хабарлайды «24KZ».
Өзгерістер 2026 жылғы 15 сәуірде күшіне енген «Күзет қызметі, тұрғын үй қатынастары және құқық қорғау қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Аталған заңды іске асыру мақсатында Үкіметтің 2026 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңартылған қағидалары бекітілді.
Жаңа нормаларға сәйкес тұрғын үй төлемдерін енді тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық қарызды өтеуге және тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыруға ғана емес, сондай-ақ кейіннен сатып алу құқығымен тұрғын үйді жалға алу төлеміне және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу кезінде жарналарды төлеуге де пайдалануға болады.
Сонымен қатар құжатпен бұрын қолданыста болған бірқатар шектеулер алынып тасталды. Атап айтқанда, тұрғын үйді жалға алу үшін тұрғын үй төлемдерін пайдалану мерзіміне қатысты шектеу жойылды, жалдау шартын міндетті мемлекеттік тіркеу талабы алынып тасталды, тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу кезінде жақын туыстармен мәміле жасауға қойылған тыйым күшін жойды. Сондай-ақ тұрғын үй алаңының 90 шаршы метрге дейінгі мөлшеріне байланысты ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің көлеміне қойылған шектеу де алынып тасталды.
Жаңартылған қағидалар тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған және әскери қызметшілерге тұрғын үй жағдайларын жақсартудың қосымша тетіктерін ұсынады.
Сонымен қатар тұрғын үй төлемдерін алушылар жыл сайын 25 қаңтарға дейін төлемдерді алу орны бойынша отбасы мүшелерінің атына тіркелген жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтаманы және арнайы шот бойынша банктік анықтаманы ұсынуға міндетті.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз