Тендер төңірегіндегі түйткіл
Жыл сайын елдегі ең ірі мұнай-газ жобаларының сатып алулары арқылы миллиардтаған доллар айналымға түседі. Бірақ бұл тапсырыстардың қаншасы отандық компанияларға бұйырады?
«Теңізшевройл» қазақстандық өндірушілерді қолдайтынын мәлімдегенімен, көптеген кәсіпкер компанияның тендерлеріне қол жеткізе алмай жүргенін айтады. Нақты келісімшартқа отырғандар саусақпен санарлық. Қазір бұл мәселе Парламент деңгейінде жан-жақты талқыланып жатыр.
«Теңізшевройл» жобаларында жергілікті қамтудың үлесін арттыру мәселесінде жеткізушілерді іріктеу жүйесі қолжетімсіз,- дейді бизнес өкілдері. Олардың айтуынша, тендерлердің қашан өтетіні, қатысушылар қандай талаптар бойынша бағаланатыны және соңғы шешімнің қалай қабылданатыны туралы ақпарат жеткіліксіз. Мәселен, қауіпсіздік саласында 18 жылдан астам уақыт қызмет ететін компания әлі күнге дейін ТШО-ның жеткізушісі атана алмай әлек.дің
Айнұр Досабаева, кәсіпорынның бас директоры:
– Біздің компания ТШО үшін әлеуетті жеткізуші болар еді. Бірақ қазір ең басты мәселе – диалогтың жетіспеуі. Біз олардың жүйесінде тіркелгендіктен хат жолдаймыз. Дегенмен тендердің қашан өтетіні, қандай шарттармен ұйымдастырылатыны жөнінде нақты түсінігіміз жоқ. Ақпарат өте аз. Егер ашық диалог орнаса, өз мүмкіндігімізді көрсетіп, компаниямыз туралы толық мәлімет беретін едік.
Мұндай қиындық Атыраудағы кәсіпорындардың көпшілігінде бар. Сумен жабдықтау және ағын суларды тазарту жүйелерін жобалау және өндірумен айналысатын мекеме ТШО тендеріне қатысу үшін барлық тексеру мен аккредиттеуден өткен. Соған қарамастан әлі күнге дейін бірде-бір тапсырыс алмапты.
Олжас Сұлтанов, компания құрылтайшысы:
– ТШО өкілдері біздің өндірістік цехтарымызға аудит жүргізіп, жан-жақты тексерді. Қажетті құжаттардың бәрін тапсырдық, олардың бағдарламаларына тіркелдік, аккредиттеуден өттік. Алайда әзірге нәтиже жоқ. Бірнеше ай өтті. Бізде тиісті барлық сертификат бар. Соған қарамастан, беймәлім себептермен әлі күнге дейін тапсырыс алған емеспіз.
Бұл мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында жиі көтеріліп жүр. Палата өкілдерінің пікірінше, бизнес қауымдастығы жыл сайынғы сатып алу жоспарын көргенімен, тендердің нақты қашан басталатынын білмейді. Соның салдарынан компанияларға инвестицияны алдын ала жоспарлау және ірі жобаларға қатысу үшін консорциумдар құру қиынға соғады.
Қанат Шарлапаев, ҚР ҰКП «Атамекен» президиумының төрағасы:
– Біз жыл сайын жарияланатын сатып алу жоспарын көреміз. Бірақ тендерлік рәсімдердің нақты қай уақытта басталатыны белгісіз. Сонымен қатар бұл тендерлер бойынша орындау мерзімдері белгіленеді. Мұның өзі әлеуетті жеткізушілер арасындағы әділетсіздікті күшейтеді. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп ойлаймын. Мұндай жағдайда бизнес мүмкіндіктері үш бағыт бойынша шектеледі. Біріншіден, уақытылы дайындалу қиындайды. Екіншіден, тендерді орындау үшін кәсіпкерлер алдын ала инвестиция салуы керек. Мұндай жағдайда жоспарлауға мүмкіндік азаяды. Үшіншіден, ірі тендерлерге қатысу үшін консорциумдар құруға кедергі келтіреді.
Дегенмен «Теңізшевройл» қазақстандық қамту көрсеткіштерінің жоғары екенін мәлімдеп отыр. Редакциямыздың ресми сауалына берген жауабында, компания өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті қамтудың негізгі санаттары бойынша белгіленген мәжені асыра орындағанын хабарлады. ТШО мәліметінше, жұмыстардағы жергілікті қамту 76 пайызға, ал қызмет көрсету үлесі 88 пайызға жеткен. Сондай-ақ компания отандық жеткізушілерді іздеу әрі қолдау мақсатында «Атамекен» палатасымен, салалық қауымдастықтармен және халықаралық ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ал отандық компаниялардың тендерлерге қатысуына неге рұқсат берілмейтіні туралы сұраққа ТШО былай деп жауап берді.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің 24KZ редакциясына берген жазбаша жауабы:
- Бас тартудың ең жиі кездесетін себептері – жеткізу мерзімдерінің талапқа сай келмеуі, тендерлік ұсыныстар сапасының төмендігі, қажетті ақпараттың уақытылы ұсынылмауы, техникалық сараптаманың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жұмыстың толық көлемін орындау мүмкіндігінің болмауы. Қазақстандық тауар өндірушілердің біліктілік бойынша іріктеу кезеңдерінен өтпей қалуының негізгі себептері – техникалық талаптарға сәйкес болмауы және қажетті сертификаттардың,ISO, API және басқа да стандарттардың болмауы. Техникалық сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, ТШО өндірушілерге нақты ескерту мен оларды түзету жөніндегі ұсынымдарды қамтитын кері байланыс береді.
Бірақ көрсеткіштер расында осыншалық жоғары болса, онда неге отандық компаниялар сатып алу жүйесіне қол жеткізе алмай отыр деген заңды сұрақ туады. Кәсіпкерлер неге жаппай шағымдануда? Парламент депутаттарының пікірінше, бұл жағдайда жер қойнауын пайдаланушылардың жай мәлімдемесі емес, нақты міндеттемелер мен бақылау тетіктері қажет.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бұл мәселені үнемі көтеріп, назарда ұстап, нақты талап қою керек. Өйткені шетелдік компания өздігінен патриот бола қоймайды. Бір жағынан, отандық жеткізушілердің әлеуетін күшейту қажет. Екінші жағынан, заңнамалық, институционалдық және өзге де тетіктер арқылы қазақстандық қамту үлесін арттыру керек.
Арман Қалықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске енгізілген өзгерістерде қатты пайдалы қазбалар мен көмірсутек шикізатына қатысты нақты талаптар белгіленді. Атап айтқанда, тауарлар мен қызметтердегі отандық қамту үлесі кемінде 70 пайыз болуы тиіс. Кадр мәселесіне қатысты көрсеткіш – 90 пайыз. Ал құрылыс кезінде сатып алынатын жабдықтар бойынша жергілікті қамту үлесі кемінде 30 пайыз болуы керек. Яғни шетелдік компаниялар үшін нақты бағдарлар айқындалды. Мен өндіріс саласында ұзақ жыл жұмыс істедім. Сондықтан қазір біздің инженерлер мен білікті жұмысшылардың шетелдік мамандардан еш кем түспейтінін сенімді түрде айта аламын.
Жер қойнауын пайдаланушылар жоғары көрсеткіштер туралы құрғақ есеппен шектеліп жатқанда, қазақстандық кәсіпкерлер әлі де болса босағадан сығалап жүр. Осыған байланысты шетелдік компаниялар жұмысының ашықтығы мен тиімділігіне қатысты сұрақтар көбейіп келеді.
Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазір ерекше кезең басталып отыр. Оның себебі – 1990-жылдары жасалған келісімшарттардың мерзімі алдағы 5–6 жыл ішінде аяқталады деп ойлаймын. Біз адал мемлекет ретінде қолданыстағы келісімшарттарды орындауымыз керек. Сонымен қатар басқа бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп, жаңа келісімдер жасалған кезде ұлттық мүддені толық қорғауға мүмкіндік беретін талаптарды енгізуіміз қажет. Соңғы 35 жылда біз келіссөз жүргізуді де, келісімшарт жасауды да үйрендік. Қандай тәуекелдер бар екенін түсінеміз, түрлі сот процестерінен де өттік. Сондықтан келесі келісімшарттар әлдеқайда мықты болып, ұлттық мүддені қорғауға көбірек бағытталады деп сенемін.
Ұзақ жыл бойы отандық бизнеске сапаны арттыру, біліктілікті растау және халықаралық стандарттарға сай болу талап етілді. Бүгінде біршама компания бұл жолдан өтті. Бірақ соған қарамастан, тендерлерге қол жеткізу мәселесі әлі де шешімін таппай отыр. Осы орайда жер қойнауын пайдаланушыларға қойылатын нақты сұрақ бар. Олар жазбаша есеп пен мінберлерде жиі айтатын тең дережедегі тұтқаны шын мәнінде отандық бизнеске сеніп тапсыруға дайын ба?
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Рауан Қалыбаев, Мерей Талап, Айбек Байзақов