Ирак Сирияға автокөлікпен мұнай жөнелтті

Мұнай сатылмаса, нан табу қиын. Ирак кеме қатынасынан күдер үзіп, шикізатты автокөлікпен тасуға көшті. Әрине, Сирияға дейін танкер болмаған соң, мыңдап автокөлік шықса да, аса пайда таппайсың. Жол шығыны кейде құнынан асып кетуі де әбден мүмкін. Бірақ әзірге осылай амалдамаса, өзге жол жоқ.

Сөйтіп Ирак кейінгі 15 жылда алғаш рет Сирияға автокөлікпен шикі мұнай жөнелтті. Жалпы Ирак – ОПЕК ұйымындағы екінші ірі мұнай өндіруші ел. Ормуздың жабылуы бұл елді ғана емес, күллі әлемнің экономикасына әсер етіп жатыр. Енді бұл аздай, Баб-әл-Мандеб бұғазы да өткел бермей тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі осыған қатысты шұғыл отырыс өткізді.

Шетелдік ақпарат құралдары жариялаған бейнежазбаларда жүздеген автоцистернаның Сириядағы Банияс мұнай терминалына қарай бағыт алғанын көруге болады. Шам еліне жеткен соң, цистернадағы отын әрі қарай Батыс елдерінің мұнай өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Ирак қара алтынның 85%-ын Парсы шығанағы арқылы экспорттайтын. Яғни тәулігіне – 3,4–3,6 млн баррель. Ормуз бұғазындағы кеме қатынасы шектелген соң, бұл көрсеткіш шамамен екі есе қысқарды. Ал автокөлік арқылы тәулігіне 200  мың баррель мұнай жеткізуге ғана мүмкіндік бар. Бұл дағдарысқа дейінгі жекізілім көлемінің 5-6%-ы ғана. Әрине, теңіз тасымалы – ең тиімдісі. Оған, әзірге, тең келері жоқ. Бір ғана теңіз танкерін алмастыру үшін 10-15 мың цистерна қажет. Оның үстіне автокөлік арқылы жеткізу тым қымбатқа түседі.

Әли Аз-Зейди, Ирак Премьер-министрі:

- Біздің мақсатымыз – мұнай өндірісінің көлемін арттыру. Тәулігіне 9-10 миллион баррельге жеткізуге ұмтылып отырмыз. Оның жартысына жуығы Еуропа мен Батыс елдеріне бағытталады. Тақауда Франция тарапымен Жерорта теңізі аймағында сатып алынатын мұнай бойынша келісімге қол жеткізілді. Сондай-ақ Германиямен де келіссөздер жүргіздік.

Баб-әл-Мандеб бұғазына қауіп төнді

Ормуз бұғазындағы шиеленістен кейін әлемдік сауданың астан-кестені шықты. Баб-әл-Мандеб бұғазында жағдайдың күн санап ушығуы жығылғанға жұдырық болғандай.

Біріккен Ұлттар Ұйымы осы мәселеге қатысты шұғыл отырыс өткізді. Жиынға қатысушылар бірауыздан тараптарды халықаралық құқыққа сәйкес еркін кеме қатынасын қамтамасыз етуге шақырды.

«Баб-әл-Мандеб» араб тілінен аударғанда «Қайғы қақпасы» деген мағына береді. Ол Араб түбегінде Йемен және Африкадағы Джибути мен Эритреяның ортасында орналасқан. Кемелер Қызыл теңізге оңтүстік бағыттан Суэц каналымен кіру үшін Баб-әл-Мандеб арқылы өтеді. Бұғаз Азиядан Еуропаға, сондай-ақ АҚШ-тың шығыс жағалауына отын және өзге де тауарларды жеткізуде маңызды рөл атқарады. Әлемдік сауданың шамамен 12%-ы осы су жолына тиесілі. Қазір бұғазда кеме қатынасы 50-60%-ға қысқарды. Қауіпсіздік мақсатында компаниялар Қайырымды үміт мүйісі арқылы Африканы айналып өтуді жөн көреді. Бұл тауар жеткізу уақытын 10-14 күнге ұзартады.

Ларс Йенсен, Vespucci Maritime консалтингтік компаниясының бас директоры:

- Көптеген тасымалдаушы компания 2023 жылдың өзінде-ақ Баб-әл-Мандебтен Африкаға қарай бағыт алған. Онда тәуекел деңгейі төмен. Бұл, әсіресе, контейнерлік тасымал секторына қатысты. Компаниялар теңізшілердің өмірін қатерге тіге алмайды, сондықтан осындай қадамға баруға мәжбүр.

Йемендік хуситтер өткен аптада күтпеген жерден Қызыл теңіздің оңтүстігінде бірнеше аралды басып алды. Оның ішінде Мокка порты да бар. Ал бұғаздың өзінде орналасқан Дхубаб қаласы мен Перим аралын алуы Иран қолдау көрсетіп отырған ұйымға Баб-әл-Мандеб бұғазына толығымен бақылау орнатуға мүмкіндік береді.

Ахмед Наги, халықаралық Дағдарыс тобының Йемен бойынша аға сарапшысы:

- Бұл аумақтарды бақылауда ұстау арқылы хуситтер әскери операцияларын одан әрі жалғастыра алады. Екіншіден, белгілі бір сәтте Сауд Арабиясы бастаған коалиция шабуылдауы мүмкін деген хабарламалар болды. Егер бұл жүзеге асса, дәл осы Мокка портынан басталады. Демек, бұл аймақты басып алған хуситтер жан жақты қорғалған. Оларға қауіп төніп тұрған жоқ.

Иран қазірдің өзінде Ормуз бұғазын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Ал Ислам мемлекетінің одақтастары – Йемендік хуситтер Баб-әл-Мандебті өзіне қаратса, Тегеран ұтады. Бұл Құрама Штаттарға қосымша қысым көрсетудің құралы болмақ. Сондай-ақ нарықта мұнай тапшылығы күшейсе, баға одан әрі қымбаттауы мүмкін. АҚШ-тағы аралық сайлау қарсаңында бұл Вашингтонға тиімсіз.

Сондай-ақ оқыңыз: