Алматы әуежайының өткізу қабілеті 55 млн жолаушыға ұлғаюы мүмкін
2050 жылға дейін Алматы әуежайының өткізу қабілеті 55 миллион жолаушыға ұлғаюы мүмкін. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскаль мәлімдеді.
Ол Алматы әуежайын дамытуға арналған ұзақ мерзімді бас жоспардың орындалуы жайлы айтты. Мемлекет басшысы әуе хабтарын дамыту көлік-логистика саласындағы стратегиялық басымдықтардың бірі саналатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауынша, Groupe ADP компаниясының Алматы әуежайы инфрақұрылымын басқаруға атсалысуы табысты серіктестіктің жарқын үлгісі болмақ. Қазір жолаушылар ағыны жылына 14 миллионға дейін артты.
Сондай-ақ кездесуде өңірлердегі әуежайларды өркендету бойынша жаңа бірлескен жобаларды ілгерілету перспективасы талқыланды. Groupe ADP бас директоры мемлекет авиациялық инфрақұрылымның қызметіне арналған оңтайлы нормативтік-құқықтық база жасақтағанын айтты.