Қазақстан статистикасы халықаралық талапқа сай
Қазақстан Парижде ұлттық статистика жүйесін жаңғырту нәтижелерін таныстырды. Іс-шара Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде өтті.
Отырысқа еліміздің ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев қатысты. Кейінгі бірнеше жылда ұйым сарапшылары Қазақстанның ұлттық статистика жүйесіне кешенді бағалау жүргізді. Еліміздің негізгі жетістіктері ретінде мемлекеттік тіркелімдерді дамыту, әкімшілік деректерге қолжетімділікті кеңейту және ресми статистиканың сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Былтыр Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш болып ұйымның Тиісті статистикалық тәжірибе жөніндегі ұсынымына ресми түрде қосылды. Алдағы уақытта ұйым Қазақстанның ұлттық статистика жүйесіне арналған шолудың қорытынды есебін жариялайды.
Мақсат Тұрлыбаев, ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы:
- Былтыр шілде айында біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Тиісті статистикалық тәжірибе жөніндегі ұсынымына ресми түрде қосылдық. Бұл еліміздің ресми статистикасы деректердің сапасы, сенімділігі және ашықтығы бойынша халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін растайды. Енді Қазақстанның осы комитеттегі мәртебесін қатысушы елден қауымдастырылған мүше деңгейіне көтеру жөнінде ұйымға ресми өтініш жолдадық.
Еліміз статистика саласын жүйелі түрде жаңғыртып келеді. Ал ұйымдағы мәртебенің қауымдастырылған мүше деңгейіне көтерілуі халықаралық статистикалық стандарттар мен әдістемелерді әзірлеуге белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Жюльен Дюпон, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшысы:
- Кейінгі жылдары Қазақстанның статистика жүйесі айтарлықтай ілгеріледі. Әсіресе мемлекеттік тіркелімдерді дамыту және әкімшілік деректерге қолжетімділікті кеңейту бағытында көп жұмыс атқарылды. Бұл барынша нақты деректер алуға және оларды статистикалық зерттеулердің нәтижелерімен ұштастыру арқылы ақпараттың қамтылуы мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.