Қазақстан мен Түрікменстан өзара сауда үйлерін ашуды жоспарлап отыр
Бұны екі елдің үкіметаралық комиссия отырысында Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді. Бастама қос елдің кәсіпкерлері үшін еркін сауда жүргізуге, бизнесті дамытуға мүмкіндік береді.
Ал орталықтардың жанынан құрылатын ахуалдық штабтар бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдармен жедел байланысын қамтамасыз етеді.
Айта кетерлігі, соңғы 5 жылда елдеріміз арасындағы сауда айналымы 2 есе өсіп, жарты миллиард долларға жетті. Бұл ретте отандық өнім экспорты 50 пайызға артқан. Бүгінгі басқосуға Түрікменстаннан арнайы келген бизнес делегациясы қатысып, қазақстандық серіктестерімен ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін талқылады.
Айжан Бижанова, ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі:
- Кездесуде талқыланған тағы бір маңызды мәселе – Қазақстанның шетелдік серіктестер үшін енгізген арнайы қаржылық құралы. Бізде түрікмен кәсіпкерлеріне отандық өнімді сатып алуға мүмкіндік беретін «сауданы қаржыландыру» тетігі бар. Осы ретте біз шетелдік әріптестерімізден де дәл осындай серіктес банкті анықтауды сұрадық. Бұл өз кезегінде қазақстандық бизнес өкілдерінің де түрікмен тауарларын сатып алуын қаржыландыруға жол ашады. Осындай өзара тиімді қадам қос ел кәсіпкерлеріне үлкен қолдау болып, сауда-саттықты айтарлықтай жеңілдетер еді.