Қазақстан тәтті сусындарға акциз енгізуі мүмкін
Қазақстан тәтті сусындарға акциз енгізуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігі осындай ұсыныс айтты. Себебі балалардың құрамында қанты көп ас-суды күнделікті тұтыну статистикасы өсіп барады. Бастауыш сынып оқушыларының 17%-ға жуығы күн сайын тәтті сусын ішеді. Жасөспірімдер арасындағы семіздік 7%-ға жуықтады. Құзырлы министрлік саланы дамыту жоспарына енгізген бұл норма қалай жүзеге асады? Жанама салық салу мәселеге қалай көмектеседі, мамандар не дейді?
Әсіресе балалардың тәтті сусын, тәтті тағамды тұтыну көлемі артқан. Алдымен сандарға назар аударайық.
Елімізде ересектердің 58,6%-ында артық салмақ бар. Балалардың 20,6%-ының артық салмағы бар. Оның ішінде 6,6%-ына семіздік диагнозы қойылған. Мамандар бұл статистикаға алаңдаушылық білдіріп отыр. Ұлттық зерттеулер елдегі балалардың 25%-ы таңғы ас ішпейтінін көрсетті. Ал бұл жас ағзаның толыққанды дамуына тікелей әсер ететін фактордың бірі. Мысалы, бастауыш сынып оқушыларының 16,7%-ы, жасөспірімдердің 15%-ы тәтті сусынды күн сайын сатып алады. Жастардың 17 жарым %-ы аптасына 5-6 рет энергетикалық сусын ішеді. Қазақстан тәтті сусындарға акциз енгізу жоспарын кезең-кезеңімен жүзеге асырады. Әзірге бастама талқыланып жатыр.
Артық салмақ
Ересектер - 58,6%
Балалар - 20,6% (Семіздік - 6,6%)
Тәтті сусынды күн сайын тұтынады:
Бастауыш сынып оқушылары -16,7%
Жасөспірімдер - 15%
Таңғы ас ішпейді - 25%
Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:
- Құрамында қанты бар сусындарға акцизді енгізу ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын нәрсе. Себебі заңнамалық түрде бекітуді қажет етеді. Өздеріңізге белгілі, құқықтық актілер заңына сәйкес, қандай да бір заңнамалық акті тиісті мүдделі органдармен, қоғамдық қауымдастықтармен келісуді қажет етеді. Сондықтан осы сатылардың барлығынан өтіп барып ол жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда ол жоспар ретінде.
Елімізде тамақтану нормаларын енгізу туралы жоспардың жобасы жасақталды. Мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілген құжатта агрессивті маркетингті шектеу ұсынылған.
Әлемде 116 ел тәтті сусынға салық салады
Ал әлемнің 116 елі бүгінде газдалған тәтті сусындарға салық салады. Бірақ акциз мөлшері төмен. Орта есеппен тауар құнының 2%-ын ғана құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамында қанты бар сусындарға салықты өсіру керек деген үндеу тастады.
Салтанат Назарова, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басшысының орынбасары:
- Тәтті сусындарға акциз енгізу - бұл халықаралық тәжірибе. Бұл тәсілді ДСМ-ге 2021 жылы Ұлт саулығы атты бағдарламаға да енгізілген болатын. Осы күнге дейін біраз түсіндіру жұмыстары жүргізілуде бұл тұрғыда кәсіпкерлермен, депутаттардың арасында да. Енді алдымыздағы денсаулық сақтау саласының концепциясының жоспарына да кіріп отыр. Тәтті сусындарға акциз енгізу тәсілдері туралы жұмыстар жүргізілуде.
Энергетикалық сусын сатуға тыйым бар
Елімізде энергетикалық сусындардың сатылымы бақылауда. Жас шектеуі енгізілгелі 21 жасқа толмаған жастар оны сатып ала алмайды. Ал сату қағидасын бұзған тұлғаға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ереже былтыр 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Сосын энергетикалық сусындарға қатысты қосымша акциздік саясат жүзеге асуда. Акциз мөлшері 2030 жылға қарай литріне 240 теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл шаралар әсіресе жастардың арасында денсаулыққа зиян келтіретін өнімдерді тұтынуды азайтуға бағытталған. Тұрғындар пікірін тыңдайық.
БЛИЦ: Тәтті сусынды жиі ішесіз бе?
Күнделікті негізі 1 күнде минимум 1 рет. Үйреніп қалғаннан кейін тастау да қиын бір жағынан.
Бұрын ішетін едім, қазір денсаулығыма байланысты мүлдем қолданбаймын, себебі зиян екеніне көзім жетті. Қант бар, тәтті көп содан аурудың жаңарып кеткені сол себептен деп ойлаймын.
Неше түрлі химикат қосылып жатыр ғой оған. Отырыстарда, жиындарда ішпесек күнделікті жиі пайдаланбаймыз.
У меня сейчас лимит сахара, потому что раньше много сладкого ел.
Елде жылына 39 мың адам қант диабетіне шалдығады
Қазақстанда жыл сайын қант диабетіне шалдыққан 39 мыңға жуық адам тіркеуге алынады. Тәттіні шамадан тыс тұтыну да сырқаттың көбеюіне ықпал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамның тәуліктік нормасы 6 шай қасықтан аспауы тиіс десе, 1 шөлмек тәтті сусынның құрамында 10 қасықтан астам қант бар.
Салтанат Назарова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басшысының орынбасары:
- Ағзаға түсетін бос қанттардың 70% жуығы дәл осы тәтті сусындар арқылы ағзаға түсетіні анықталып отыр. Тәтті сусындардың адам ағзасына тигізер әсері өте көп. Елімізде, мысалы, соңғы 20 жылда қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 4 есе өскен. Балалар мен жасөспірімдер арасында 1,5 есе өскені көрініп тұр.
Дегенмен, жағымды тенденция жайында да дерек бар. Ұлттық зерттеулер мәліметіне сүйенсек, кейінгі жылдары елімізде күніне кемінде 400 грамм жеміс пен көкөніс тұтынатын азаматтардың үлесі 42%-ға жеткен. Бұл дұрыс тамақтану дағдылары мен ас-суға деген саналы көзқарастың артқанын байқатады, дейді зерттеушілер. Алкогольді қауіпті мөлшерде тұтыну деңгейі кейінгі 9 жылда 4,1%-дан 1,6%-ға дейін азайған. Аптасына кемінде 150 минут дене белсенділігімен айналысатын ересектердің үлесі 30%-дан асты.
Рухани Әбдірахман