Қазақстанда жүк транзиті қарқын алды: Қытай көш бастап, Иран серпін берді

Фото: credotrans

Қытай жүктерінің Қазақстан арқылы транзиті рекорд жаңартты.  Тасымал көлемінің өсуіне Иранның үлесі  жоғары, деп хабарлайды «24KZ».

2025 жылы Қазақстан арқылы өтетені  қытай жүктерінің  транзиті рекордтық деңгейге жетіп, 20 млн тоннадан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға жоғары. Осылайша, Қытай жүктерінің Қазақстан арқылы транзиті кемінде 2013 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетіп отыр.

Сарапшылардың мәліметінше, Қытай жүктерінің Қазақстан арқылы тасымалдану көлемі соңғы 13 жыл бойы тұрақты өсіп келеді. Әсіресе 2022–2025 жылдар аралығында өсім қарқыны айтарлықтай жоғары болып, жыл сайын орта есеппен 31 пайызды құраған.

Мамандар мұны әлемдік логистикалық бағыттардың өзгеруімен және Қазақстандағы көлік инфрақұрылымының дамуына бағытталған жобалардың жүзеге асырылуымен байланыстырады. Соның бірі – 2025 жылы пайдалануға берілген Достық–Мойынты теміржол желісінің екінші тармағы. Жоба нәтижесінде учаскенің өткізу қабілеті тәулігіне 12 жұп пойыздан 60 жұп пойызға дейін ұлғайды.

Қытай жүктерінің негізгі бөлігі Өзбекстанға бағытталған. Бұл елге жеткізілген жүк көлемі 6,5 миллион тоннаны құрап, жалпы транзиттің шамамен үштен біріне тең болды. Ал Қазақстанға және үшінші елдерге арналған шоғырландырылған жүктер көлемі 4 миллион тоннаға жетіп, жалпы көрсеткіштің бестен бір бөлігін құрады.

Сондай-ақ Қытай жүктерінің маңызды бағыттары: 

Ресей — 15% (3 млн т);
Иран — 11% (2,1 млн т);
Польша — 8% (1,6 млн т);
Тәжікстан — 3% (0,6 млн т);
Беларусь — 3% (0,6 млн т).

Өсім динамикасына ең үлкен үлесті Иран қосқан. Жалпы өсімнің 44 пайызы осы елдің еншісінде.

Егер 2024 жылы Иранға жөнелтілген жүк көлемі небәрі 5,2 мың тонна болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,1 миллион тоннаға дейін артқан.

Өз кезегінде Қазақстан жалпы өсімнің 30 пайызын, ал Өзбекстан 25 пайызын қамтамасыз етті. Ал Ресей мен Польша бағытындағы тасымал көлемінің қысқаруы жалпы өсімге кері әсерін тигізген.

Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштер Қазақстанның халықаралық транзиттік хаб ретіндегі рөлінің күшейіп келе жатқанын және елдің Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік дәлізіне айналып отырғанын көрсетеді.