АҚШ-Иран текетіресі: Toyota өндірісті 100 мың көлікке қысқартады

Фото: depositphotos.com

Жапониялық Toyota Motor Corp. автоөндірушісі биылғы қаржы жылында шетелдегі зауыттарында көлік өндірісін шамамен 100 мың данаға қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «24KZ» Nikkei басылымына сілтеме жасап. 

Компания бөлшектер жеткізетін ірі серіктестеріне өндіріс жоспарының қайта қаралғанын мәлімдеген. 

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін танкерлердің Ормуз бұғазы арқылы өтуі тоқтап, жанармай бағасы күрт өсті. Бұл Қытайда, Таяу Шығыста және әлемнің басқа да аймақтарында автомобильдерге деген сұраныстың азаюына әкеп соқты. Дегенмен, Toyota мамыр айында жарияланған бастапқы жоспармен салыстырғанда, жылдың екінші жартысында Жапониядағы кәсіпорындарында өндірісті 4,2 мың көлікке арттыруды көздеп отыр. Бұл өзгеріс, соның ішінде, RAV4 және Land Cruiser 250 жол талғамайтын көліктеріне де қатысты. 

Мамыр айындағы болжамға сәйкес, Toyota 2027 қаржы жылында түсімді 0,6%-ға арттырып, 51 трлн иенаға (320 млрд доллар) жеткізуді жоспарлаған, бұл ретте таза пайда 22%-ға төмендеп, 3 трлн иенаны құрауы мүмкін. Сондай-ақ, компания 10 млн-ға жуық автомобиль сатуды ниет еткен болатын (1%-ға өсім). 

Автоөндірушінің капиталдануы соңғы үш айда шамамен 20%-ға төмендеді, ал осы тұста Nikkei 225 қор индексі шамамен 29%-ға өсті. 

Бұған дейін Toyota Motor Corp. құрамдас бөлшектерді жеткізушілерге 2026 жылы 10 млн-нан астам автомобиль шығаруды көздеп отырғанын мәлімдеген еді. 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз