Қазақстан сиыр еті экспортын 34,4 пайызға арттырды
Қазақстан биыл сиыр еті экспортын айтарлықтай арттырды. Көрсеткіш 43 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 34,4 пайызға өскен. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша, қой етінің экспорт көлемі де артып, 30 мың тоннаны құраған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Құжатта саланың негізгі көрсеткіштерін еселеп арттыру көзделген.
Атап айтқанда:
Еттің барлық түрі бойынша өндіріс көлемін 1,2 миллион тоннадан 1,8 миллион тоннаға дейін жеткізу;
Ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы сүт өндірісін 1,4 миллион тоннадан 2,1 миллион тоннаға дейін арттыру.
Өнімділік көрсеткіштері бойынша да нақты межелер белгіленді. Қазіргі таңда әрбір 100 сиырдан орта есеппен 64 бұзау алынады. Бұл көрсеткішті кемінде 80-ге жеткізу қажет. Ірі қара малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын 600–800 грамнан 1,5–1,8 килограмға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал заманауи сүт фермаларында әр сиырдан жылына алынатын сүт көлемін 10 мың литрге жеткізу көзделген, – деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өзге өңірлерге тарату бағдарламасы аясында 2023 жылдан бері 102 тауарлы-сүт фермасының жобасы қаржыландырылды. Бүгінде оның 71-і пайдалануға берілген.