Қазақстан Қытайға экспорт көлемін ұлғайтуға дайын

Қазақстан «Қытай-Еуразия» көрмесінде экспорттық әлеуетін таныстырды.

Халықаралық іс-шара Үрімжі қаласында өтіп жатыр. Мұнда еліміздің үздік тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынып, шетел нарығына шығатын жол іздейді. Әріптестік байланыс орнатуға тырысады. Елден делегацияны Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастап барды. Ол ашылу рәсіміне қатысып,  бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Халықаралық көрме осымен 9-мәрте ұйымдастырылып отыр. Жалпы аумағы 140 мың шаршы метр. Биыл 27 мемлекет пен өңірлерден 2000-нан аса кәсіпорын қатысып жатыр. Серік Жұманғарин ашылу рәсіміне қатысып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сонымен қатар Қазақстан экспорт көлемін ұлғайтуға әзір екенін жеткізді.  

Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

- Қазақстан қытайлық тұтынушылар мен кәсіпорындар тарапынан сұранысқа ие жоғары сапалы ауыл шаруашылығы, азық-түлік, металлургия, химия және басқа да өнімдердің экспортын кеңейтуге дайын. Биылғы көрменің нәтижелері Қазақстан, Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы және тұтастай алғанда Қытай Халық Республикасы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ныңайтуға елеулі үлес қосатынына сенеміз. 

Алып алаңға Қазақстанның ұлттық павильоны да қойылды. Біздің елден биыл 31 компания келді. Олар алдағы бірнеше күн бойы өнімдерін ұсынады. Оның ішінде азық-түлік, дәнді-дақылдар, табиғи өсімдік майы, бал мен сүт өнімдері бар. Отандық кәсіпкерлер сауда-саттық байланысты нығайтып, өзге кәсіпорындармен жаңа әріптестік орнатуды көздейді.  

Көрме аясында Серік Жұманғарин Қытай халық республикасының Мемлекеттік кеңесі Премьер-министрінің орынбасары Дин Сюэсянмен кездесті. Келіссөз барысында сауда-экономика, көлік-логистика, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға келісті. Бұдан кейін Үкімет басшысының орынбасары «Қытайға экспорт» арнайы іс-шарасына барды. Жиында Шыңжаң аймағымен шекаралас жатқан Абай облысының әлеуеті таныстырылып, екіжақты ынтымақтастық аясындағы жетістіктер айтылды. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Абай өңірі мен Қытай арасындағы тауар айналымы 950 миллион доллардан асып, көрсеткіш былтырғыдан 43 пайызға өсті. Ал экспорт көлемі 41 пайызға артқан. 

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Қытаймен шекаралас орналасқан аймақ ретінде біз географиялық артықшылықты нақты экономикалық мүмкіндіктерге айналдыруды басты міндеттеріміздің бірі санаймыз. Табиғи ресурстарға бай, өндірістік әлеуеті жоғары және халықаралық көлік дәліздерінің тоғысқан тұсында орналасқан облысымыз бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың маңызды тетіктерінің біріне айналып келеді.

Серік Жұманғарин Үрімжідегі «Қазтрейд» сауда кеңсесінің жұмысымен танысты. Бірқатар қытайлық компания жетекшілерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Кәсіпкерлерді бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Солардың бірі көмірді терең өңдеуге бағытталған жоба.

Чэн Вэй, "Пинмэй Шэньма Энерджи" компаниясының атқарушы директоры:

- Біз көмірден метанол, этанол, аммиак сияқты 100-дан астам өнім түрін шығарамыз. Қазақстанды компаниямыздың көмір және көмір химиясы бағытындағы жетекші инвестициялық орталығы етсек деген жоспарымыз бар. Осы жобамыздың аясында көмір өндірісімен ғана емес, көмір химиясы бойынша өндіріс тізбегін құрсақ дейміз. 

Келіссөз нәтижесінде қытайлық көмір өндіруші компания мен «Казтрейд» АҚ өзара меморандумға қол қойды. Жалпы бұл Көрме еуразиялық кеңістіктегі бизнес пен билік арасында ашық қарым-қатынас жасауға ықпал ететін алаң. Көрме 29 маусымға дейін жалғасады.

Руслан Бақытбекұлы