Әкімшілік рақымшылық 2,3 мыңнан астам адамды айыппұлдан босатуы мүмкін

Фото: depositphotos.com

 Елімізде әкімшілік рақымшылық 2,3 мыңнан астам адамға қатысты қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды  «24KZ».

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл норма жалпы сомасы 298,4 млн теңгені құрайтын 2 370 адамға қатысты болуы ықтимал. Оның ішінде 448 жеке тұлға және 1 930 жеке кәсіпкер бар.

Қазіргі таңда тиісті заң жобасы Парламент Сенатында мақұлданған. Ол әкімшілік рақымшылықты енгізуді көздейді.

Заң жобасына сәйкес, рақымшылық азаматтар мен жеке кәсіпкерлерді, сондай-ақ жекелеген кәсіп өкілдерін айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан босатуды көздейді. Атап өтсек, бұл қатарға нотариустар, жеке сот орындаушылар, адвокаттар және заң консультанттары да кіреді. Алайда бұл норма заңды тұлғаларға, лауазымды адамдарға, шетел азаматтарына және бірқатар әкімшілік құқық бұзушылықтарға қолданылмайды.

Атап айтқанда, салық салу объектілерін жасыру, салық төлеуден жалтару және салық сомасын төмендету баптары рақымшылық аясынан тыс қалады.

Сонымен қатар микро және шағын бизнес үшін «таза парақ» тетігі іске асырылып жатыр. Оның аясында негізгі салық берешегі өтелген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұл шаралар кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, салық жүктемесін жеңілдетуге бағытталған.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз