Астана - Алматы тасжолының тағы бір учаскесі ақылы болады
Қазақстанда Астана – Алматы тасжолының тағы бір учаскесін ақылы ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды «24KZ».
Көлік министрлігінің мәліметінше, Бурылбайтал – Күрті аралығындағы 1041 және 1121-шақырымдар арасындағы учаске ақылы болады. Оның ұзындығы 80 шақырым.
Министрліктің бұйрық жобасына сәйкес, бұл учаскені ақылы негізде пайдалану мерзімі 20 жыл.
Бұл ретте жүргізушілер үшін тегін баламалы бағыт сақталады. Ақылы учаскені Сұңқар – Қаншенгел – Топар – Құйған, Топар – Ақжар, Қонаев – Бақанас – Қараой жолдары, сондай-ақ Қонаев – Күрті республикалық тасжолымен айналып өтуге болады.
Ақылы учаске I-б санатындағы жолдарға жатады. Онда әр бағытта екі қозғалыс жолағы қарастырылған, ал әр жолақтың ені кемінде 3,75 метр.
Жол ақысының мөлшері бұйрыққа бөлек қосымшамен бекітіледі. Сондай-ақ құжатта баламалы жолы жоқ елді мекендердің тізімі көрсетілген.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң өз күшіне енеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз