Астанада жаңа әуежай салынады
Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды «24KZ».
Президент Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет екенін атап өтті.
Біз еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан, бәсеке күшеюде. Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр, - деді Президент.
Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады.
Қ.Тоқаев еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек деді. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді.
Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек. Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы авиация саласындағы табысымыз да көбейіп келе жатқанын айтты. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде.
Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз, - деді Президент.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз