Отандық ғалымдар сауын түйеге арналған құрама жем әзірледі
Малды баққан өсіреді. Күннің ысуы, қуаңшылықтың артуы, елге әбігер туғыза беретіні анық. Бұл әсіресе өнімге зиян.
Біздің ғалымдар шөлдегі түйенің де сүтін молайтуға болатынын анықтады. Яғни жусан мен жантақ, өзге де шөптің құнарын алып, арнайы жем әзірледі.
Жаңа құрама жем түйе сүтін молайтады
Құрама жемнің көмегімен түйе сүтін әлдеқайда молайтуға болады. Отандық ғалымдар жаңа өнім әзірледі. Оның негізгі құрамы – жусан. Сондай-ақ жантақ, кептірілген күнбағыс және биологиялық белсенді қоспалар бар. Әр мал басына 10 келіге дейін беруге болады. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, дәл осы құрама жеммен қоректенген сауын түйеден, тәулігіне алынатын сүт мөлшері 100 мл-ден 1 литрге дейін артады. Сапасы да күшейе түскені белгілі болды. Соның ішінде майлылығы шамамен 2 пайызға, ал ақуыз мөлшері 1,5 пайызға өскен. Мұндай ғылыми жоба елде алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері институтының ғалымдары бұған 3 жыл уақыт жұмсаған.
Әсем Бөрібай, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ҒЗИ ғылыми қызметкері:
- Бақылау үлгісімен салыстырғанда ылғалдылықтың 9 пайызға төмендеуі, құрғақ мөлшердің 1 пайызға және кальцийдің көбеюін біз дәделдеп отырмыз. Фосфордың 8,5 пайызға артқанын дәлелдедік және ББҚ енгізу құрама жемнің витаминдік-минералдық құрамын жақсартты. Соның ішінде мырыш, калий, магнийдің көтерілгенін байқап отырмыз.
Нарықта түйе өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан шаруалар Ойсылқара тұқымын көбейтуге ниетті. Сөзімді статистика растай алады. Былтыр мұндай мал басы 300 мыңнан асты. Алдыңғы жылдағыдан 6 пайызға көп. Шұбат саудасы да қызып тұр. Биыл алғашқы тоқсанның өзінде 300 тоннаға жуық түйе сүті өндірілген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі осындай. Ал өнім көлемі мен сапасын арттыру үшін құрама жемнің маңызы зор. Қазақстандық ғалымдар әзірлеген жаңа өнім шаруашылықты дамытуға және импортқа тәуелділіктен арылуға оң ықпал етеді, дейді мамандар. Өйткені шетелдік баламасына қарағанда отандық өнім құнарлы. Әрі шикізаттың барлығы қазақ даласында кең таралған өсімдік түрлері болғандықтан баға да тиімді болуға тиіс. Құрама жемді дайындауға экструзия технологиясы қолданылады. Өнім келесі жылдан бастап нарыққа шығарылуы мүмкін.
Әсем Бөрібай, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ҒЗИ ғылыми қызметкері:
- Экструзияланған құрама жемдер жоғары температурада, жоғары қысыммен өндіріліп шығарылатын технологияның түрі. Ол микробиологиялық тұрақтылықты сақтайды және малдардың асқорыту жүйесінде тезірек қорытылу үшін, сіңімді болу үшін қолданылатын технология түрі болып табылады.
Ауыл шаруашылығы кооперативі көбейді
Елде малын біріктіріп, ортақ шаруашылық құруға және дамытуға кіріскен фермерлер көбейді. Былтыр кооперативтер қатары 4 900-ге жуықтаған. Бір жыл ішінде шамамен 10 пайызға артып отыр. Мұндай шаруалар бірлестігінің біразы Түркістан облысына тиесілі. Одан кейін Ұлытау, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстарында едәуір өсім байқалды. Ұлттық статистика бюросының кезекті мәліметіне көз жүгіртейік. Кооперативтердің 1800-ден астамы мал шаруашылығымен айналысады. Былтыр шаруалар бірлестігі өндірген өнім көлемі 117 млрд теңгеден асты. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 40 пайызға көп.
Елде агроөнімдердің басым бөлігі қосалқы шаруашылықтарда және шаруа қожалықтарында өндіріледі. Мысалы, еттің 60 пайызы, ал сүттің 80 пайызы – солардың еншісінде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын агроқұрылымдарды жаңа үлгідегі кооператив құруға ынталандыру шаралары күшейтіледі. Тиісті жұмыстар жаңа Заңмен реттеледі.