Ескі көліктер қайта өңдеуден өтеді

Елдегі көліктің көбі ескірген. Дегенмен отандық өндіріс өркен жайып келеді. Жыл сайын бірнеше мың автомобиль өндіріліп, сатылымға шығады. 

Олар автопаркті жаңарта ала ма? Нарықтағы ахуал қалай? 

Отандық өндірушілер жыл сайын жүз мыңдаған жаңа көлік өндіреді. Оған сыртқы нарықтан келетін темір тұлпарларды қосыңыз. Дегенмен автопарктің ескіруі әлі де күн тәртібінде тұр. Саладағы нақты сандар қандай?

Елдегі әр екінші көлік ескірген. Саладағы сандарды сөйлетсек, автонарықтың 44 пайызы кемі 20 жыл бұрын қолданысқа қосылған. 26 пайызы 10-20 жыл аралығында өз иелеріне қызмет етіп келеді. Ал үш жылға толмаған көліктердің үлесі небәрі – 16 пайыз. Ал елде бас-аяғы 6 млн көлік бар. Жүргенінен тұрғаны көп көліктер қайткенде азаяды. 

Оңғар Алпысбайұлы, сарапшы:

- Шет елдерде көбінесе салықтық ынталандыру, жаңа көліктерді тіркеу салығын жеңілдету сияқты шаралар қолданылады. Сонымен қатар жаңа көліктерді сатып алу мүмкіндігін арттыру үшін жеңілдетілген несие бойынша да жағдайлар жасалады. Ал бізде ескі көліктердің салығын азайтып жатқан жағдайлар бар. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 4 литрден асатын, бірнеше жылдан асып кеткен ескі көліктер болса, бізде керісінше, олардың салығы арзан болады. Ал Еуропа елдерінің көбінде 10 жылдан асқан көліктің салығы көліктің өз құнымен бірдей болып кететін жағдайлар кездеседі.

7 айда 111 мың көлік шығарылды

Елде автокөлік өндіретін 11 зауыт бар. Олар биылғы 7 айда 111 мың көлік шығарды. Осылайша, саладағы өсім 19 пайызға жетті. Ал үш жылдың ішінде отандық автоөндіріс 435 мыңнан астам темір тұлпар жасап шықты. Дегенмен мұндай қарқынмен автопаркті түбегейлі жаңалау мүмкін емес.

Ербол Сепилов, «Qazautostandard» автокөлік сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті:

- Елімізде 15-ке жуық жеңіл автокөлік бренді шығарылады. Сонымен қатар жүк көліктерінің 10-нан астам бренді бар. Қазіргі таңда елімізде 11-ге жуық негізгі ірі отандық автоөндіруші бар. Олар 11 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр.

Сатылған 10 көліктің 8-і Қазақстанда жасалған

Отандық авто өндіріс өркен жайып келеді. Айталық, елде сатылған әр 10 жаңа көліктің 8-і Қазақстанда құрастырылған. Биылғы алты айда 105 мың көлік саудаланды. Жарты жылдық қорытындыда Chevrolet Қазақстандағы автокөлік сатылымында көш бастады. Осы кезеңде брендтің 17 мың автокөлігі сатылған. Екінші орынға Hyundai маркасы жайғасып, 17 мың көлік өз иесін тапты. Үздік үштікті KІА қорытындылады. 12 мыңнан астам қазақстандықтың таңдауы осы маркаға түскен. Сол секілді Changan, Chery көліктеріне де сұраныс бар.

Ербол Сепилов, «Qazautostandard» автокөлік сарапшылары мен аудиторлары қауымдастығының президенті:

- Жаңадан сатылып жатқан көліктердің саны жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы, 2024 жылы 174 мың болса, 2025 жылы 225 мың көлік болды. Яғни халық қазір жаңа көлік алғанға бетбұрып отыр деп айтуға болады. 

Министрлік ескі көліктерді азайту ретінде қайта өңдеу ісін ілгерлетпек. Елде 250 мыңнан астам ескі көлік утилизациядан өтті. «Бұл қоршаған ортамен қатар жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігіне оң ықпал етеді», - дейді. Алда көрсеткіш көбеймесе, кемімейді. Қазір Утилизация 2.0 бағдарламасы әзірленіп жатыр. Онда қайта өңделетін өнім көлемін арттырып, көлік басына берілетін соманы көбейту көзделген.

Оңғар Алпысбайұлы, сарапшы:

- Әзірге бір шикі бағдарлама секілді көрінді. Өйткені жеңіл көліктерге 400 мың теңге дейді. Қазір жүріп тұрған ескі көліктердің өзі одан қымбатқа сатылып жатқан жағдайлар бар. Өйткені құжатымен жүруі бар, апарып тапсыруы бар, шаруасы көп. Сондықтан азаматтар ескі көлігін апарып утилизацияға тапсырғаннан жарнамасын қойып сәл қымбатқа сатып жібергенді жөн көреді. 

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы

Сондай-ақ оқыңыз: