Курчатовта конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды

Абай облысы Курчатов қаласында конденсациялық электр станциясының құрылысы басталды.

Бүгін қуаты 700 МВт болатын энергетикалық нысанның іргетасын қалау рәсімі өтті. Маңызды шараға облыс әкімі Берік Уәли, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қатысты. Жалпы инвестиция көлемі 881 миллиард теңге.

Курчатов конденсациялық электр станциясы – елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық жоба. Нысан аумағында мамандарға арналған арнайы қалашық салынады. Жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасына серпін береді. Сонымен қатар электр қуаты тапшылығы тәуекелін азайтып, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Бұл станция пайдалануға берілгеннен кейін 400 адамға жаңа жұмыс орыны ашылады. Бұл жергілікті кәсіпкерліктің дамуы, инфрақұрылымның жаңаруы және облыс экономикасының жаңа деңгейге көтерілуі. Ең бастысы бұл жоба Курчатов қаласының одан әрі индустриялық дамуына серпін береді. 

Жобаны іске асыру 2026-2032 жылдарға жоспарланған. Конденсациялық электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін жылына 5 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, елдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Темірлан Өтегенов, “ГРЭС Курчатов” ЖШС құрылтайшысы:

- Осы жерден 120 шақырым дерде Семей подстанциясы бар сол жерге тоқ сымдарын тартамыз. Қазір экономиканың өсуіне байланысты мемлекетімізде тоқ жетпей жатыр. Қаражыра разьезінен көмір алып осы жерде жобаны жасап жатырмыз.

Жобаның әлеуметтік маңызы зор. Құрылыс кезінде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылып, кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Курчатовтың дамуына серпін беріп, Абай облысының экономикалық әлеуетін күшейтетін маңызды қадам.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков