Алматы облысында 10 мың тонна балық өндіріледі
Балық шаруашылығын өркендетіп отырған өңірлердің бірі Алматы облысы.
Биыл өңірде 10 мың тонна балық өндіру жоспары бар. «Акваөсіру туралы» арнайы Заңның қабылдануы жасанды көлдерде су маржандарын өсіру көлемін арттыруға жол ашты. Облыс бойынша саладағы инвестициялық жобалардың жалпы құны 2 млрд теңгеге жуықтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елде 2030 жылы балық етін өндіру көлемі 270 мың тоннаға жетуі тиіс. Жабық тоғандар мен жасанды көлдерді көбейтіп, балық шаруашылығын дамытуда Алматы облысының әлеуеті зор. Қазір өңірде 50-ден астам шаруа осы кәсіп түрімен айналысады. Олар былтыр 5,8 мың тонна балық етін өндірді.
Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:
- Мемлекеттік көмектер көрсетіліп жатыр. Атап айтатын болсақ, жемге, сонымен қатар балықтың емдеуге кететін дәрісіне, сонымен қатар балық сатып алуға, шабақтарын сатып алсақ соған кететін шығындарды қазір субсидия қарастырылған. Балықты өсіруге кеткен жемнің 30 пайызын аламыз, шабақ сатып алатын болсақ соның 50 пайызын алатын боламыз, сонымен қатар дәрі-дәрмекке кететін шығынның 50 пайызын аламыз.
Самат Абзалұлы, балық шаруашылығының үйлестірушісі:
- Бұл жерде біз агротуризмді дамытуға жұмыс жасап жатырмыз. Бізге осы балық аулауға төңіректегі өзіміздің қонақтарымыз келеді және де туристер келеді. Үндістан мемлекетінен келеді, Ресей мемлекетінен келеді және де арабтар келеді. Демалыс күндері 60-70-80 адам, оған қоса автобуспен туристеріміз келеді. Кәсібіміз енді-енді жүріп келе жатыр. Ал басқа күндері 20-30 адам.
Мәрлен Тұрсынәлі 14 жылдан бері Есік өзенінің бойында бақтақ балығын өсірумен айналысып келеді. Басқаратын шаруашылығы уылдырықтан шабақ алып, оны тауарлы балыққа айналдырады. Соңғы үш жылда 1,5 млн доллар салып, төрт балық шаруашылығын құрған. Дегенмен шаруаларға инвестициялық субсидия уақытылы төленбейді. Бұл балық шаруашылығын дамытуға біршама тежеу болып отыр, дейді кәсіпкер.
Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:
- Алматы облысының балық өсіретін жерінің бәрі таулы жерде орналасқан. Таулы жерде орналасқаннан кейін бәрі өзендердің жағасында орналасқан. Өзендердің жағасында орналасқаннан кейін біз бетонное сооружениелер салып, сол жерде балық өсіретін боламыз. Қазіргі жағдайда мемлекет инвестициялық субсидия осы тоған шаруашылығына қарастырылмаған. Сол деңгейде біз осы үш жылдың аяғында 1,5 млн долларға дейін инвестиция жасадық. Енді сол инвестициямызды әлі күнге дейін ала алмай жүрміз.
Қайрат Нүсіпбаев, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
- Былтыр облыс бойынша 5800 тонна балық өсірілді. Бұл балық өсірушілер санының дамып келе жатқаны, бұл үкімет тарапынан көптеген көмектер болып жатыр. Соның ішінде атап өтетін болсақ, былтырғы жылы 380 млн тенге субсидия берілді. Биылғы жылға 315 млн тенге субсидия жоспарланған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 177 млн тенге несие берілді.
Демеуқаржыға ие болған шаруашылықтар балық етін өңдеумен айналысатын кәсіпорындар салып, маман даярлауға да өздері кірісіп жатыр. «Балық-мектеп» жобасы жүзеге аса бастаған алты жыл ішінде Есік қаласында 600 маман даярланған. Қысқа мерзімді курстан өткен 100-ден аса адам өз шаруашылығын ашып, ісін дөңгелете бастады.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай