Алматы облысында 32 әлеуметтік нысан салынады

Алматы облысында қайтарылған активтер есебінен 32 әлеуметтік нысан салынады. Қазір 29-ның құрылысы аяқталды.

Шалғай ауылдарда медицина пункті, аурухана мен спорт кешені пайда болады. Жалпы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға 23 млрд теңге жұмсалды. 

Қайтарылған активтердің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына бағытталды. Облыста 26 медициналық нысан халық игілігіне берілді. Фельдшерлік-акушерлік пункттер мен амбулаториялардың іске қосылуы арқылы шалғай ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі артты. 

Ирина Родина, Көктерек ауылының тұрғыны:

- Жаңа фельдшерлік акушерлік пункттің ашылуын көптен күттік. Өйткені ауылымыздағы медициналық пункттің әбден тозығы жеткен еді. Жаңадан ашылған мекеменің жұмысына көңіл толады. Дәрігерлердің қабылдауында болып, талдау нәтижелерін аламыз. Халыққа қажетті медициналық қызметтер толық көрсетіліп жатыр.

Қайтарылған активтер есебінен Қарасай аудандық орталық ауруханасы 4 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Ал Кеген ауданындағы Жалағаш ауылында 1,1 млрд теңгеге спорт кешені салынады. Қоянқұс ауылындағы кәріз сорғы станциясы жаңғыртудан өтті. Жобалардың сапасы мен қаржының мақсатты жұмсалуын прокуратура қадағалайды.

Мақсат Абиров, Алматы облысы прокурорының аға көмекшісі:

- Біздің міндетіміз активтерді мемлекетке қайтарумен ғана шектелмейді. Қайтарылған әрбір теңгенің халық игілігіне жұмсалып, өңірдің дамуына қызмет етуін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан прокуратура аталған жобалардың іске асырылуын сүйемелдеп, құрылыс мерзімдерін, жұмыс сапасын және қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылап жатыр. 

Өңірде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жалпы құны 23 млрд теңгеге 30-дан астам әлеуметтік жоба жүзеге асты. Осылайша, миллиардтаған қаржы халық игілігі үшін жұмсалып отыр.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов

Сондай-ақ оқыңыз: