Қытаймен ынтымақтастық кеңейе түсті

Қазақстан мен Қытай машина жасау саласындағы байланысты кеңейте түсуде. Енді Қостанайда Li Auto көлігінің жаппай өндірісі қолға алынбақ. 

Жаңа машина брендінің өндірістік алаңы ретінде Қостанай зауытының таңдалуы кездейсоқ емес. Себебі бұл кәсіпорынның инфрақұрылымы, жабдықталуы халықаралық талапқа сай.

Қостанай автозауыты - жаппай  Li Auto бренді көлігін шығару жөнінде қытайлық компаниямен келісімге келген алғашқы шетелдік әріптес. Олар бәрін елеп-екшей келе қазақстандық өндіріс орнын таңдаған.

Арғұлан Майконов, ALLUR зауытының атқарушы директоры:

- Li Auto технологиясының Қазақстан үшін маңызы зор. Оның қозғалысын электр жетегі қамтамасыз етеді. Ал қозғалтқыш жүру қашықтығын ұзартады. Бұл күні бойы электр қуатымен жүруге, алыс сапарға шығуға мүмкіндік береді.

Li Auto өндірісінің қолға алынуымен Қостанай зауытында біршама технологиялық өзгерістер енгізіледі. Құрам бөлшектерінің сапасын бақылау күшейіп, электрондық жүйесін реттеу желісі кеңейтіледі.

Арғұлан Майконов, ALLUR зауытының атқарушы директоры:

- Әрине, біз үшін бұл жоба маңызды белес. Көп нәрсе үйреніп, игеруге тура келеді. Турасын айтқанда, автокөлік өндірісінің жаңа бір деңгейіне аяқ басқалы отырмыз.

Мемлекет басшысының стратегиялық тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өңірде үш экономикалық бағытты дамыту мақсаты қойылып отыр. Атап айтқанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, қара металлургия және машина жасау саласы. Осы салалар бойынша жылдан-жылға өндіріс орындарының саны көбейіп келеді.

Жаңыл Ерментаева, Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Егер 2022 жылы өңірде 4 ірі машина жасау зауыты жұмыс істесе, соңғы 3 жылдың ішінде олардың қатарына тағы 5 замануй завод қосылған болатын. Олардың қатарына КІА автомобиль зауытын, сонымен қатар жүк машиналарына арналған жетекші көпір жасау зауытын кіргізуге болады.

Жаңа машина жасау зауыттарында 3 мыңнан астам адам жұмыс тапты. Мамандардың басым бөлігі жергілікті колледж, жоғары оқу орындарының түлектері.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг