Қытай Қазақстан нарығына $30 млрд инвестиция салды
Қазақ-қытай арасындағы сауда-саттық ұлғайды.
Былтыр екі елдің өзара тауар айналымы 49 млрд долларға жуықтаған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Алда жаңа жобалар жүзеге асады. Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында бірқатар келісім жасалды. Соның ішінде агроөнеркәсіп пен көлік-логистика салаларын цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр.
Кейінгі жылдары Қазақстан мен Қытайдың өзара тауар айналымы едәуір ұлғайды. Үш жыл бұрын 41 млрд доллар болса, былтыр 49 млрд долларға жуықтаған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Көрші елдің жері кең әрі халқы тығыз орналасқандықтан әрбір әкімшілік аймағының сауда нарығы өз алдына ерекшеленеді.
Яғни тауар түрлеріне деген талғам мен сұраныс әртүрлі. Сондықтан Үкімет бұл мемлекеттің провинцияларымен экономикалық байланысты тереңдетуге мән беріп отыр. Мәселен, биыл Шаньдун провинциясына агроөнеркәсіп тауарлары мен терең өңделген өнімдер ұсынылды. Бұл Қытайдағы ең ірі экономикалық өңірлердің бірі. Мұнда қуатты өндіріс базалары мен ауқымды тұтыну нарығы бар. Көрші елмен арадағы былтырғы тауар айналымының 2,2 млрд доллары дәл осы провинцияға тиесілі. Ал тоғыз провинция тоғысқан тұста орналасқан Ухань қаласында QazTrade өкілдігі ашылды. Аталған кеңсе қытайлық компаниялармен тікелей жұмыс істеп, экспорт әлеуетін арттыруға ықпал етеді, дейді мамандар.
Айтмұхаммед Алдажаров, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры:
- Тезірек шығады ғой экспортқа. Сол үшін біз қытайларды күтпей, осында келеді демей, біз сол жерде шоу-рум ашамыз. Олар келіп, келісім-шартқа отыруға мүмкіншілігі бар.
Цифрлық жүйе жүк тасымалын жеделдетеді
Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Енді көрші елді Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығыспен де байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабына айналу міндеті тұр. Мемлекет басшысы мұның стратегиялық мақсат екенін атап өтті. Бүгінде біздің ел арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Кейінгі он бес жылда Қазақстан көлік және логистика инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллардан астам инвестиция салды. Соның ішінде жаңа теміржол желілері тартылып, Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігі артты. Салада бәсекелестікті инфрақұрылымның сапасымен өлшеу жеткіліксіз. Өйткені мұндай жобалардың табысты болуы, ең алдымен, деректер алмасу жылдамдығы мен логистиканың ашықтығына байланысты. Сондықтан елде халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптасып жатыр. Кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді біріктіретін цифрлық терезе пайда болды. Деректер цифрлық жүйе арқылы қаншалықты тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан соншалықты жылдам өтеді.
200-ден астам "ақылды ферма" жұмыс істейді
Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабына айналуға тиіс. Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттердің бірі осы. Өйткені ауыл шаруашылығы саласында табиғи ресурстарға ғана сенім артып отыруға болмайды.
Деректерді, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды болып тұр. Біздің ел екі жыл қатарынан 27 млн тонна астық жинады. Бұл ең жоғарғы көрсеткіш. Заманауи технология және тиімді басқарудың бастамасы осындай. Дрондарды қолдану, спутник арқылы шолу, дәлдігі жоғары егіншілік технологияларын енгізуге басымдық берілді. Қазір 200-ден астам агроөнеркәсіп ақылды ферма қағидаты бойынша жұмыс істеп тұр. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық жүйелерді кезең-кезеңімен енгізіп жатыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік беретін ұлттық цифрлық жүйесі әзірленіп жатыр. Мақсат - агроөнімдердің көлемін арттыру және қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібін дамыту.
Қытай ел нарығына $30 млрд инвестиция салды
Қытай Қазақстан экономикасына 30 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бүгінде елімізде қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, ірі газ-химия кешені, жүгеріні терең өңдеу зауыты, мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алынды. Сонымен қатар Қытайдың автокөлік шығаратын компаниялары біздің елде өндіріс орындарын аша бастады.