Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

Базалық мөлшерлеме 16,75%-ке төмендеді.

Осылайша Ұлттық банк ақша-кредит саясатын жұмсартуға бағытталған кезекті қадамын жасады. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл шешімге баға тұрақтылығы мен инфляцияның төмендеуі негіз болған. Қазір елдегі экономикалық ахуал тұрақты. Жылдық инфляция тоғыз ай бойы төмендеп келеді.

Тұрақты төмендеу үрдісіне көшкен жылдық инфляция маусым айында 10,3%-ға дейін түсті. Нарықты мұқият бақылап, деректерді тереңірек талдаған Ұлттық банк базалық мөлшерлермені 25 базистік тармаққа азайту туралы шешім қабылдады. Тимур Сүлейменов оны былай түсіндіреді.

Тимур Сүлейменов, Ұлттық банкі төрағасы:

- Жылдық инфляция тоғыз ай қатарынан баяулап, базалық ставка деңгейін пропорционалды төмендетуге жағдай жасады. Инфляциялық қысымды төмендетуге ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы және Үкімет пен Ұлттық Банкің инфляцияға қарсы басқа да шаралары ықпал етті.

Орталық банктің алға қойған мақсаты бар. Ол инфляцияны 5 пайыздық межеге қайтару. Алайда ішкі және сыртқы инфляциялық тәуекелдер әлі де бар. Сондықтан Ұлттық банк өкілдері алдағы шешімдер жан-жақты сараланып қабылданатынын ескертеді. Яғни базалық мөлшерлеменің келешегі тек жаңа экономикалық жағдайға байланысты өзгереді.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚҰБ төрағасының орынбасары:

- Бүгін біз базалық ставканы төрттен бір процентке түсірдік. Маусымда инфляция тағы да төмендеді. Сондықтан біз ставканы тағы да түсіре алдық. Сонымен қатар жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Қажет болса – шара қолданамыз. Инфляция бизнеске де, қарапайым халыққа да ауыр тиеді. Біздің мақсат оны 5%-ке дейін төмендету.

Әйтсе де, сыртқы секторда белгісіздік әлі сақталып тұр. Таяу Шығыстағы қақтығыстың қайтадан ушығуы энергия ресурстарының бағасын өсірді. Азық-түлік бағасы да әлемде құбылып тұр. Егер инфляцияны үдететін қауіпті факторлар қайта күш алатын болса, Ұлттық банк амалсыз қалмайды, деп ескертіп отыр реттеуші орган. 

Бекзат Аманов, Самат Казанбаев