Зейнетақы аннуитеті туралы шешім қабылдамас бұрын нені білу қажет?

Фото: Qazaq Expert Club

2026 жылғы маусымда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектері айтарлықтай көтерілгеннен кейін зейнетақы аннуитетіне деген қызығушылық артты, деп хабарлайды «24KZ».

Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясованың пікірінше, зейнетақы аннуитетін ұсынатын өмірді сақтандыру компаниялары оны жеткіліктілік шектерін айналып өтіп, артық қаражатты ипотекаға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі ретінде жарнамалап жатыр. 

Зейнетақы аннуитеті шынымен тиімді ме? Оның қандай жасырын тұстары бар? Неліктен бұл өнім зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектері көтерілгенге дейін кең сұранысқа ие болмады?

Зейнетақы аннуитеті – бұл азамат пен өмірді сақтандыру компаниясы арасында жасалатын шарт. Оған сәйкес сақтандыру компаниясы адамға өмір бойы ай сайын белгілі бір соманы төлеуге міндеттенеді. Ал азамат аударылған зейнетақы жинақтарына меншік құқығын сақтандыру компаниясына береді.

БЖЗҚ мәліметінше, 2024 және 2025 жылдары жыл сайын шамамен 60 мың салымшы өз жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аударған. Бұл барлық жеке зейнетақы шоттарының 0,5%-ынан да аз, яғни бұрын зейнетақы аннуитетінің аса танымал болмағанын көрсетеді. 

Ал 2026 жылдың маусымы мен шілдесінде өмірді сақтандыру компаниялары бұрын-соңды болмаған клиенттер ағынын тіркеді. Әлеуметтік желілер де зейнетақы аннуитетінің жарнамасына толды. Оның тартымдылығы неде?

Жауап бірмәнді емес, өйткені зейнетақы аннуитеті барлық адамға және барлық жағдайда бірдей қолайлы емес.

Біріншіден, зейнетақы аннуитеті үшін де өзіне тән жеткіліктілік шектері белгіленген. Ерлер үшін – шамамен 10 млн теңге, әйелдер үшін – 13,2 млн теңге. Ал жұмыс беруші кемінде бес жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) аударған зиянды өндірістерде жұмыс істейтін азаматтар үшін бұл шек 7,8 млн теңгені құрайды.

Екіншіден, бірден төленетін зейнетақы аннуитетін сатып алу үшін белгілі бір жасқа жету қажет: ерлерге – 55 жас, әйелдерге – 53 жас, ал МКЗЖ төленген азаматтарға – 50 жас.

Сонымен қатар, егер жинақ сомасы жеткіліктілік шегіне жетсе, кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 45 жастан (МКЗЖ болған жағдайда 40 жастан) рәсімдеуге болады. Бірақ төлемдер тек бірден төленетін аннуитетке белгіленген жасқа (тиісінше 55/53/50 жас) жеткеннен кейін ғана басталады.

Ең бастысы – мынаны түсіну қажет: иә, төлемдер өмір бойына белгіленеді, бірақ олардың мөлшері өте аз. Мысалы, сақтандыру компаниясына 10 млн теңге жинақ аударылған жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 35 мың теңгені құрайды. Бұл сома жыл сайын 8%-ға индекстеледі, алайда мұндай көлемдегі төлемнің жыл сайынғы өсімі 3 мың теңгеден де аз болады. Мұндай қаражатпен өмір сүру мүмкін емес.

Сақтандыру компаниясы төлем кестесін адамның 100–110 жасына дейін есептейді. Алайда көп жағдайда адамның өмір сүру ұзақтығы бұдан аз болады, ал пайдаланылмаған қаражат сақтандыру компаниясының табысы ретінде қалады. Бұл – БЖЗҚ төлемдерінен тағы бір маңызды айырмашылық. БЖЗҚ-да иесі қайтыс болғаннан кейін қалған зейнетақы жинақтары мұрагерлеріне өтсе, зейнетақы аннуитеті бойынша пайдаланылмаған қаражат сақтандыру ұйымында қалады.

Әрине, шартта кепілдік берілген төлем мерзімін қарастыруға болады. Мұндай жағдайда иесі қайтыс болса, белгіленген мерзім ішінде төлемдер мұрагерлеріне немесе шартта көрсетілген тұлғаға жүргізіледі. Бірақ, әдетте, мұндай мерзім 10 жылдан аспайды.

Енді жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын пайдалану мәселесіне тоқталайық. Шынында да, зейнетақы аннуитетін сатып алған кезде БЖЗҚ-дан қаражат алу үшін белгіленген жеткіліктілік шектері қолданылмайды.

Бұрын аннуитетке арналған шек пен БЖЗҚ-дан артық жинақты алу шегі шамамен бір деңгейде болатын – 55 жастағы ер адам үшін шамамен 10 млн теңге. Ал 2026 жылдың маусымынан бастап БЖЗҚ-дан қаражат алу шектері едәуір өсті. Мысалы, 55 жастағы ер адам үшін шек 9,6 млн теңгеден шамамен 20 млн теңгеге дейін көтерілді. Ал зейнетақы аннуитетіне арналған шек бұрынғы деңгейде қалды.

Егер адамның, мысалы, 15 млн теңге зейнетақы жинағы болса, ол 10 млн теңгені өмірді сақтандыру компаниясына аударып, қалған 5 млн теңгені қолданыстағы тәртіп бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалана алады.

Қорытындылай келе, зейнетақы жинақтарын пайдалану тәсілін таңдауға өте мұқият қарауға кеңес беремін. Бұл ретте жинақ көлемін, денсаулық жағдайын, нақты зейнетке шығу жоспарларын және басқа да факторларды ескеру қажет. Ең бастысы – зейнетақы аннуитетін сатып алу туралы шешімнің қайтарылмайтын шешім екенін түсіну керек. Аударылған қаражатты БЖЗҚ-ға қайта қайтару мүмкін емес. Тек екі жылдан кейін ғана басқа сақтандыру компаниясымен жаңа зейнетақы аннуитеті шартын жасауға болады.

Сондықтан есептеулерді тек сақтандыру агентінен ғана емес, БЖЗҚ менеджерінен де алып, екі нұсқаны салыстырған жөн.

Егер адамның жинағы 10 млн теңге ғана болса, болашақта ол тек мемлекеттік базалық зейнетақыны және сақтандыру компаниясынан шамамен 35 мың теңге көлеміндегі төлемді ғана алуы мүмкін.

Ал егер жинақ көлемі бұдан көп болса, адам артық соманы алып, сонымен қатар 55 жастан кейін де жұмысын жалғастырып, БЖЗҚ-ға елеулі зейнетақы жарналарын аударса, онда нақты зейнетке шыққанда ол мемлекеттік базалық зейнетақыны, ынтымақты зейнетақыны, жинақтаушы зейнетақыны (55 жастан кейінгі жарналар есебінен) және зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдерді қатар ала алады.

Осылайша, барлығына бірдей сәйкес келетін әмбебап шешім жоқ. Зейнетақы аннуитетін сатып алу туралы шешім барынша жан-жақты ойластырылып, жоғарыда аталған барлық факторларды ескере отырып қабылдануы тиіс.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз