Ғылымнан өндіріске дейін: 400 жоба қолдау тапты

Елде ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу бағыты дамып келеді. Кейінгі жылдары салаға бөлінген қаржы көлемі артып, жақсы нәтиже берген ғылыми жобалар экономикада іске асып жатыр.

Бүгінде гранттық қаржыландыру конкурстарының нәтижесінде 400-ге жуық жоба қолдау тапты. Соның 300-ге жуығы нарықта өнімдерін өткізіп, 30-ы экспортқа шықты. 

Бұл – Астанадағы аса қатты жабындылар зауыты. Ол өнеркәсіпке арналған жабдықтар шығарады. Кәсіпорында тау-кен, шахта және энергетикада қолданылатын техникаларды ауыр жүктемеден қорғайтын арнайы бөлшектер өндіріледі.

Асан Аманжолов, зауыт өкілі:

- Біз кен өндіретін және оны тасымалдайтын жабдықтардың тез тозатынын байқадық. Яғни өндірісте қолданылатын металл уақыт өте жұқарып, сынып, тіпті деформацияға ұшырайды. Салдарынан жұмыс тежеліп, жабдықтарды жөндеп отыру қажет. Осындай компанияларға көмектесу мақсатында Сәтбаев университетінің қызметкерлерімен бірлесіп, биметалды материал технологиясын әзірледік.

Отандық ғалымдар металдарды судан, химиялық әсерден және механикалық тозудан қорғайтын инновациялық технологияны ойлап тапты. Ал бұл зауыт ғылыми жобаны іске асырып, әзірлемені өндіре бастады. 

Мұхтарбек Татыбаев, Satbayev University Энергетика және машина жасау институтының қауымдастырылған профессоры:

- Гранттық жобаның  316 миллион қаражаты бізге бөлінді. Соның негізінде барлық жұмыс үнемдеу нәтижесінде біз үлкен жетістіктерге жеттік. Осы технологиялық процесс қосылды. Енді ғылыми жобаны әрі қарай да дамытамыз деген ойдамыз.

Экономикалық өсім ғылыммен тікелей байланысты. Ғалымдардың жаңалықтары тек кабинеттегі жетістік болып қалмай, өндіріске енгізілуі қажет. Қысқасы, ғылым – экономика мен қоғамның қажеттілігіне жұмыс істеуі керек. Мемлекет басшысы осылай деп Жолдауында салаға қатысты бірқатар тапсырма берген еді. Қазір сәйкесінше еліміз ғылымға негізделген жаңа даму моделін қалыптастырып жатыр. Бүгінде гранттық қаржыландыру конкурстарының нәтижесінде 400-ге жуық жоба қолдау тапты. Соның 289-ы нарықта өнімдерін өткізіп, 30-ы экспортқа шықты.

Алмас Гаухар, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары м.а.:

- Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың негізгі өңірлерін атап өту керек. Олардың арасында республикалық маңызы бар қалалар мен Алматы облысы көш бастап тұр. Алматы қаласының өзінде 123 жоба, облысында 63, ал Астана қаласында 46 жоба қолдау тапты.

Инновация мен ғылым ұштасқан жерде өнімділік артып, сұраныс көбейері сөзсіз. Қазірдің өзінде отандық ғалымдардың ғылыми жобаларына шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Демек жуырда саладағы экспорт көлемі ұлғаяды деп нық айтуға болады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ғалымжан Абдылахат

Сондай-ақ оқыңыз: