Қарағанды облысында жұмыссыздар қайта даярлықтан өтіп жатыр
Қарағанды облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға сұраныс артқан.
Қазірдің өзінде 340-қа жуық азамат мансап орталығы арқылы білім алуға жіберілді. Жалпы биыл бұл бағытта 535 адамды оқыту жоспарланған. Оның 450-і арнаулы колледждерде білім алса, 85-і тікелей жұмыс орнында оқытылады. Жобаның ерекшелігі - жұмыссыз азаматтарды жай ғана оқытып қоймай, кәсіпорындардың тапсырысымен даярлап, жұмысқа орналастыру. Курс уақыты 1 айдан 6 айға дейін. Қайта даярлау курстары тегін. Оқудан өту үшін жұмыссыз ретінде тіркеліп, Enbek.kz порталында онлайн өтінім қалдыру керек. Бүгінде өңірде дәнекерлеуші, аспаз, жүргізуші, тракторшы, веб-дизайнер сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары.
Нұржан Сыздықов, "Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығы" КММ директоры:
- Бұл жерде ең бастысы — төрт жақты келісім-шарт жасалады: жұмыс беруші, оқу орны, мансап орталығы және білім алушы. Оқуды аяқтағаннан кейін жұмыс беруші оны 100 пайыз жұмысқа орналастыруға міндеттенеді. Тіпті жоғары білімі бар заңгерлер мен қаржыгерлердің өзі қайта даярлаудан өтіп, сұраныстағы кәсіптерді меңгеріп жатыр.