Қарағанды облысында 3 мың мұғалім білімін жетілдіріп жатыр
Қарағанды облысында үш мың педагог «Күзгі мектеп» жобасы аясында білімін жетілдіріп жатыр. Мұғалімдер оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеріп, тәжірибе алмасып, заманауи құралдарымен танысады. Каникулды тиімді пайдаланып, біліктілігін арттырады.
Күзгі каникул – оқушыларға демалыс уақыты болса, педагогтер үшін жаңа білім алып, әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік. «Күзгі мектеп» аясында мұғалімдер оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгеріп, өздерінің озық тәжірибесімен бөлісуде. Қатысушылардың қатарында математика пәнінің мұғалімі Әйгерім Карина бар. Құрма ауылынан келген ұстаз өз мамандығына деген қызығушылығын жоғалтпай, сабақ беру әдістерін үнемі жетілдіріп отырады.
Әйгерім Карина, Ы.Алтынсарин атындағы Тірек мектебінің математика пәні мұғалімі:
- Бұл жерде мұғалімдер өзара тәжірибе алмасып, пәндік құзыреттілігімізді арттыру және де пән бойынша кетіп жатқан олқылықтардың орнын толтыру деп түсінемін.
«Күзгі мектеп» - білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған дәстүрлі оқу-практикалық іс-шаралар кешені. Бұл жоба әдетте күзгі демалыс кезінде өткізіледі. Биыл 3 мың педагог білімін жетілдіріп жатыр. Оларға «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары мен тәжірибелі әдіскерлер шеберлік сабағын өткізеді
Лариса Пинчук, «Күзгі мектеп» жобасының модераторы:
- Біз әр тоқсан сайын бақылау жүргіземіз. Әр кластың деңгейі мен тақырып бойынша оқушылардың қаншалықты білім алғаны анықталады. Қазір «Күзгі мектепте» оқушылардың қиналатын тақырыптары мен меңгеруде қиындық туғызатын тұстарын қарастырып жатырмыз.
Сондай-ақ мұғалімдер заманауи білім беру платформаларын меңгеріп, интерактивті құралдармен жұмыс істеуді және жасанды интеллектіні сабақта қолдануды үйреніп жатыр.
Жансая Сартаева, Білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының бөлім басшысы:
- Осы іс-шара барысында толық мектепішілік бақылау, цифрландыру, жасанды интеллекті дұрыс қолдану, тиімді қолдану, сонымен қатар әр пән бойынша бізде пәндік құзыреттілігіне байланысты іс-шара ұйымдастырылған болатын. Бүгінгі таңда енді білім беру жүйесі қарқынды өзгеріп келеді. Сондықтан осындай шаралар педагогтерге өте пайдалы.
«Күзгі мектеп» аясында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Білім шыңы» олимпиадасы өтеді. Байқау педагогтерге кәсіби білімдерін тексеріп, шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Қарағанды облысының мектептерінде бүгінде 24 мыңнан астам мұғалім сабақ береді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев